Ақмола облысының тұрғындары өз кәсібін ашуға екі жүзге жуық грант алды

Ол үшін қазынадан 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көптеген кәсіпкерлер өз жобаларын сәтті жүзеге асырып қана қоймай, бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз еткен. 

Динара Асанова – бес баланың анасы. Соңғы жылдары ол кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отыр. Көпбалалы ана алдымен кәсіпкерлік курсынан өткен. Жобасын қорғап, грант алды. Бөлінген қаржыға шағын асхана ашып, қажетті қондырғылар сатып алған. 

Динара Асанова, кәсіпкер: 

- Ғимарат іздеген кезде осы столовыйға келдік, столовый ашуды жөн көрдім. Мына жерде біздің ашқан жерімізде колледждер бар, общежителер бар. Осы жерде ашуды ойластырдық. Енді бірден табысқа шығып кету әр бизнесте ерекше жағдай шығар. Ақырындап бизнесіміз жүріп жатыр. Осы табысым арендама, жұмысшылармыздың ақысына жетіп жатыр. Әр қарай дамытып жатырмыз, тағамдарды көбейтеміз. 

Динара Асанова өз отбасын ғана емес, басқа адамдарды да жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ ол асханадағы негізгі жұмысты өзі жасағанды жөн көреді. Ол өз кәсібін кеңейтіп қана қоймай, тағы осындай бірнеше асхана ашуға ниетті. 

Динара Асанова,  кәсіпкер 

- Өзім де көпбалалы отбасынан шыққанмын. Өзіміздің кішкентайымыздан еңбекке баулап, өсірді ата-анам. Сол ата-анамның тәрбиесін мен өз балаларыма беремін. Әр адам еңбектеніп, ешкімге қол созбай ешкімнен сұрамай, өз еңбегімен кәсіп ашып, әрекет жасаса. Әрекетке берекет болады деп ойлаймын.

Айталық, кейіпкеріміз сияқты кәсібін  ашып, тасын өрге дөңгелеткісі келетіндер көп. Тек осы жылдың өзінде Көкшетау қаласы бойынша 50 адам грант алған. Оларға 42 миллион теңге көлемінде  қайтарымсыз несие берілді.

Асыл Молдиярова, қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Биыл «Бастау бизнес»  бағдарламасы бойынша  230 адам оқыды. Грант алғысы келетіндер көп.  Бұл әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары және 29 жасқа дейінгі жастар. Осы жылы оқығандар келесі жылы грант ала алады.

Грант иеленушілерінің арасында жастардың үлесі басым. Мәселен, осы жылы  «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 9 жас кәсіпкерге 39 миллион теңге көлемінде грант берілді. Бұдан бөлек, облыс бойынша өз ісін ашу және дамыту мақсатында жас кәсіпкерлерге мемлекеттік 260 грант беру жоспарланғанып отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный