Петропавлда бір айда үш рет су құбыры жарылды

Петропавлда тағы да су құбыры жарылды.

Бұл жолы оқыс оқиға «Жас өркен» шағын ауданында болған. Салдарынан осы маңда орналасқан қойма мен бірнеше үйдің ауласын су басып қалды.

314-атқыштар дивизиясы көшесінде түнде құбыр жарылды. Су теміржол учаскесіне жайылып, жеке сектор тұрғындарын да әбден әбігерге салды. Ал жауапты мамандар қақаған аязда апатпен арпалысып жатыр.

Тауар қоймасымен алты жер үйдің ауласын су басып қалды. Сору жұмыстарына тіпті құтқарушылар да жұмылдырылды.

Андрей Чернов, қала тұрғыны:

 - Түнгі сағат төрт кезінде көршім хабарласып оятты. Қарасам ауламен гараж суға толып қалыпты. Ол жерде азын- аулақ сақтап қойған азық-түлігім бар еді. Үйдің іргетасы да суда тұр. Ертең бүлініп қалмаса болды.

Коммуналдық апаттың салдарынан жол сақшылары қалаға кіре беріс жолды жабуға мәжбүр болды. Қазір оқиға орнында бірнеше бригада жұмыс істеп жатыр. Анықталғаны Оңтүстік –Батыс су желісінде диаметрі 800 мм болатын құбырдан ақау шыққан.

Арман Сауытов, сумен қамту кәсіпорнының атқарушы директоры:

 - Бұл учаскеде жаңғырту жұмыстары 2009 жылы жүргізілген. Яғни екі құбыр жалғанған жерінен ажырап кеткендігі белгілі болды. Мағжан Жұмабаев көшесіндегі магистарльды да бір фирма жөндеген. Бірақ ол кәсіпорын қазір жоқ. Сондықтан барлық шығынды өз мойнымызға алып отырмыз.

Бұл соңғы бір айда қалада тіркелген үшінші апат. Мамандар құбырды қайта қалпына келтіруге бір тәулік уақыт қажет екендігін айтып отыр. Қазір бірнеше ауданның тұрғындарына тіршілік нәрі арнайы көліктермен тасымалдануда.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов