Көкшетауда қоқыс жарты ай төгілмеген

Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын-үй аулаларындағы қазіргі көрініс осындай. Үйіліп жатқан қоқыстан көз сүрінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мына қоқыстың төгілмегеніне жарты айға жуықтапты.

Қоқыс контейнерлері ауыз-мұрнына жетіп жерге төгілуде. Сол себепті тұрғындар қалдықтарды сыртына тастауға мәжбүр.

Гүлнар Сапашева, қала тұрғыны:

- Қалдықтар ұшып, аулаларды алып кетті. Осы маңдағы барлық ауладағы жағдай осындай.  

Нина Клейнене, қала тұрғыны:

- Неге қоқыс төгілмейді? Ертең егеуқұйрықтар қаптап кетеді ғой. Аула тазалаушысын алып тастады. Жарты  ай болды қоқыстың төгілмегеніне.

Жаңа компания үлгермек түгілі, жұмысын әлі бастамапты да. Оған техникаларының кешігіп жатқандығы себеп. Жалпы қаланың тазалығын қамтамасыз етуге бір емес, екі бірдей кәсіпорын ниет білдірген. Оларға бір апта сынақ мерзімі беріліпті.

Жанна Әбдірахманова, қала әкімінің кеңесшісі:

- Соңғы шешімді біздің қоғам өкілдері  қабылдайды.   Қоғамдық кеңес 14 желтоқсан күні өтеді. Яғни, жаңа компанияларға бір апта уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында жұмысы жақсы кәсіпорын таңдалады. Жыл соңына дейін мәселе шешіледі деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, осы айдан бастап шығарылмай жатқан қоқысқа төленетін тариф бағасы да екі есеге өскен. Қазіргі баға жан басына шаққанда 300 теңге. Алдағы уақытта облыс орталығында заңды қоқыс полигоны ашылса, тариф бағасы 500 теңгеге дейін көтерілмек.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко