Өскемендн студенттер жатақханасыз қалудың алдында тұр

Өскеменде жатақхана мәселесінде дау шықты. Екі жүзден аса студент далада қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеке меншік жатақхананың әкімшілігі мұндай қадамға мәжбүрлі түрде барған. Олардың айтуларынша кінәрат ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан жіберілген. Олар студенттердің жалдау ақысын өтейтін ұйыммен мемлекеттік сатып алуды рәсімдемеген. Сонымен қатар жалға алу туралы қандай да келісім жасалмаған.

Қақаған қыста 200-ден аса студент жатақханадан шығарылудың алдында тұр. Бұған қаражат мәселесі себеп. Осыған дейін олар бір жатын орынның 30 процентін өз қалталарынан төлейтін. Ал министрлік қалған шығынды мемлекеттік тапсырыс аясында жабатын. Бірақ жеке меншік жатақхананың тиесілі қаражатқа қол жеткізе алмай жүргеніне жарты жыл өтіпті.       

Александра Талхигова, жатақхана басқарушысы:

- Бізге бұның алдында келісімді екі рет жіберген. Алайда оның қолтаңбасы, басылған мөрі болған жоқ. Ал мөр басылған өзіміздің құжат Астанаға жіберілген. Жауабын әлі күтумен отырмыз. Келісім мемлекеттік тапсырыстың веб-порталында ашық түрде көрсетілуі керек. Ол да жоқ.

Студенттер қаржылық қолдаудан қағылса, онда жатын орынның толық құнын, яғни 50-60 мың теңге төлеуге міндет. Бұл әсіресе ауылдан келгендердің қалтасын қағатыны анық.  

Темірлан Қанафин, студент:

- Жатақхананы босатсақ, бөлмедегі балалармен квартираға түсеміз деп отырмыз. Қалған балалар туысқандары жоқ. Ешқайда бара алмайтындары бар болуы керек. Квартира 110 мың деп тұр төрт адамға. Студенттер шығып жатыр дегенді естісе, одан да көбейтеді ғой бағаны.

Студенттерді жаппай шығару ақырғы шара болуы мүмкін дейді жатақхана өкілдері. Кәсіпкерлер екі жыл бұрын ғимараттың құрылысына 700 млн теңге жұмсаған. Есесіне қарызды қайтаруды да естен шығармаған жөн.

Александра Талхигова, жатақхана басқарушысы:

- Былай жалғаса берсе, жатақхана жабылуы мүмкін. Себебі қарызымызды өтеуде мемлекет міндеттемелерді орындай алмай жатыр. Жыл соңына дейін қаржыландыру болмайды деген үрей бар.

Студенттік жатақханалар мемлекеттік инвестициямен толық көлемде қамтылады. Салалық министрліктің жауабы осы. Бұл мәселемен «Қаржы орталығы» атты еншілес ұйым айналысады. Қазір мамандар мемлекеттік сатып алу келісімінің тетіктерін рәсімдеп жатыр.     

Диас Жамбылов, «ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ департаменті директорының орынбасары:

- Расында келісімді рәсімдеу біраз кешіктірілді. Министрлік қайта ұйымдастыру шараларынан өтті. Қазір мәселе шешімін тапты. Келісім қазынашылық жолданып, 2022 жылдың 20 желтоқсанына дейін төлемдер аударылады.

Заң бойынша мемлекеттік тапсырыс келісімі жатақхана иесімен 8 жылға дейін рәсімделеді. Алғашқы жылы екі есе төленеді. Егер бөлмелерде 200 адам тұратын болса, 400 жатын орын субсидияланады.