Семейде жылу орталығындағы өрт салдарын жою жүріп жатыр 

Семейдегі номері бірінші жылу электр орталығын өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті тексеретін болды.

Бұл туралы облыс әкімі Димитрий Гариков мәлімдеді. Қазір орталықта  қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Еске салайын, түнде нысанда өрт шығып, 6 метр электр кабелі жанып кетті. "Теплокоммунэнерго" мекемесінің хабарлауынша, өрт отын беру жүйесінен шыққан. Қазір қазандықтар жұмыс істеп тұр. Дегенмен, бункерлерде отты қолмен жағып жатыр. Бұл жұмысқа Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері мен әскерилер жұмылдырылды.  Қалпына келтіру жұмыстары кешке дейін аяқталуы тиіс. 

Серік Төленбергенов, "Теплокоммунэнерго" МКК басшысы:

- Жылу қазандықтарының жұмысын тоқтатпау үшін мазутты қолданып жатырмыз. Жылу орталығындағы температура 30 пайызға дейін төмендеді. Кешке дейін ретке келтіреміз деп ойлаймыз.

Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:

- Өндірістік қауіпсіздік басқармасы «Теплокоммунэнергоға» қатысты тексерісті бастады. Өрттің шығу себептері анықталатын болады.