16 Желтоқсан - ҚР Тәуелсіздік күні

Бүгін Қазақстанның қасиетті әрі қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлтымыз үшін ұлы мереке. Осыдан тура 31 жыл бұрын егеменді ел атандық. Азаттықпен бірге ел дамуының жаңа бағыттарын айқындадық. Шекарамыз шегенделіп, ұлттық рухы бар мызғымас мемлекетке айналдық. Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін әрқайсысымыз аянбай еңбек етіп, елдің дамуына  өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Хабар агенттігінің ұжымы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтайды.

Талай ғасыр аңсаған азаттығымызға қол жеткенімізге биыл 30 жылдан асты. Ел тарихындағы айтулы оқиғаларды жадымызда тағы бір жаңғыртсақ, артық емес. 1992-жыл, 4-маусымда мемлекттік рәміздер - әнұран, елтаңба және туымыз бектілді, Қазақстан Біріккен Ұлттар ұйымының толыққанды мүшесі атандық.Ал 1993-жыл - тәуелсіз Қазақстан конституциясы қабылданды, сондай-ақ ұлттық валютамыз- «теңге» қолданысқа енді.

Жамбыл Артықбаев – тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Жалпы әлемдегі үш мыңнан аса эностың ішінде өз мемлекеттілігіне қол жеткізген 200-дей ғана этнос бар. Біз соның ішіне кіріп отырғанымыз – біз үшін үлкен бақыт. Яғни біз әлемдегі терезесі тең екі жүз елдің қатарына кіріп отырмыз. Бұл тек мақтаныш емес, бұл бақыт. Қай уақытта болмасын, шет елге шыққанда да өз дербес мемлекеттің болуы, өз туың болуы – аса маңызды.

Иә, әлем елдерімен терезесі тең өмір сүру – кез-келген ұлттың ұлы мұраты. Ал біз, сол асқақ арманымызға жетіп отырмыз. 31 жыл ішінде Қазақстан тамырын тереңге жайып, өрісін кеңейтіп, кемелдене түсті. Сынағы көп сындарлы кезеңнен өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік мемлекетке айналды. Бұл тұрғыда еліміз экономикалық, әлеуметтік және мәдени даму жолында үлкен асуларды бағындырып, зор жетістікке жеткенін нақ айта аламыз.

Мақсат Жақауов, саясаттанушы:

- Әрбір әрекетіміз Қазақстан үшін, еліміз үшін деген құндылықпен жүру керек. Бұл идеологиялық насихат жағы. Сондықтан бұл идеологиялық насихат - кешенді түрде білім бағдарламасынан бастап, күнделікті көшеге дейінгі, мысалы безендіруге дейінгі орын алып, көрініс табуы керек. Тәуелсіздік құндылығы кез-келген жаңа жылдан кем емес. әлемдік деңгейдегі мерекеден кем емес, біздің Тәуелсіздігіміздің құндылықтары!

Тарих таразысымен өлшесек, 31 жыл - аз да, көп те емес. Тіпті, біреуге қасқағым сәт секілді көрінуі мүмкін. Алайда халқымыздың азаттығы мен ұлылығын әлемге паш ететін Тәуелсіздік – әрбір қазақстандық үшін қымбат. Бүгін Тәуелсіз елдің тарихын түгендеп, өткенімізді еске алып, бүгінімізбен мақтанатын күн. Тәубе етер Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болғай!