СҚО-да ерлік жасағандар марапатталды

Солтүстік Қазақстан облысында 71 жастағы зейнеткерді жанып жатқан үйден алып шыққан азамат марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәуелсіздік мерекесі қарасаңында Петропавл қаласының тұрғыны, кәсіпқой боксшы - Евгений Павловқа «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медальі табысталды. Оқыс оқиға 24-ші қараша күні «Жұмысшы кенті» ауданында болған. Түнгі сағат бірлердің шамасында спортшы көршісінің үйі өртке оранғанын байқаған. Ол еш ойланбастан ішке кіріп, қарияны ажалдан арашалап қалған. Ер жігіттің көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы көпке үлгі болып отыр. Сондай-ақ салтанатты шара барысында бір топ құтқарушыға кезекті шендері мен түрлі наградалар табысталды. Жалпы, жыл басынан бері өңір құтқарушылары 2700-ден астам өрт оқиғасына шыққан.  Онда мамандар 240 адамды құтқарып қалған.

Евгений Павлов, кәсіпқой боксшы:

- Жанып жатқан үйге алғаш кірген кезде қою түтіннің салдарынан кеудем қысылды. Сыртқа шығып, аздап демалып алдым. Артынша бас киіммен мұрнымды жауып, қайтадан ішке ендім. Зейнеткерді тауып сыртқа шығардым. Кейін өз үйіме әкеліп, алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Содан соң өрт сөндірушілер келіп, өртті сөндірді.