Қолжетімді мұражай баршаға арналған мәдени мұра

Ұлт тарихын ұлықтаудың бір қадамы –  музейге бару.

«Дара» қайырымдылық қоры көзі нашар көретін жандарға осындай мүмкіндік сыйлады. Олар елордадағы ұлттық музей жәдігерлерінің көшірмесін жасап, көрерменнің назарына ұсынды. Мүмкіндігі шектеулі балалар жәдігерді көзбен емес, қолмен ұстап көреді.

14 жасар Инсар Ізтілеуовтің көзі көрмейді, бірақ көкірегі ояу. Өнер мен мәдениетті жоғары бағалайды. Сондықтан, ұлттық музейге жиі келуге тырысады. Қазір бұған себеп бар. Жәдігердің өзін болмаса да, көшірмесін ұстап көре алады. Аудиогидтің көмегімен оның тарихына бойлайды.

Инсар Ізтілеуов, оқушы:

- Тарихты осылай білген өте қызық. Мен көп нәрсені біліп алдым. Мысалы, қалай баяғыда қазақ халқы тұрған. Алтын адам туралы біліп алдым. Бұрын мен сыныппен келгенде қолмен ұстайтын нәрселер болмаған. Бәрі шынының артында тұрған. Сол үшін мен ешкімді түсіне алмадым жақсы.

Соңғы үш жылда «Дара» қоры мен еліміздегі БҰҰ-ның Даму Бағдарламасы 8 музейде қолжетімді орта құру бойынша бірнеше жобаны іске асырды.

Бибігүл Арыстанбекова, ҚР Ұлттық музейінің әдіскері:

- Бұл аудиогид. Ол көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған. Оның көмегімен көрермендер жәдігерлер мен музей бөлімдері жайлы мәлімет тыңдай алады. Әлемдік маңызы бар жәдігерлер таңдалған. Әр қайсысы сандармен белгіленеді. Көрермен қажет санды басып, үш тілде ақпарат алады.

Ел тәуелсіздігіне 31 жыл болса да, ұлт тарихы тереңде. Оны музейлердегі жәдігерлер паш етері хақ. Өкінішке қарай, көзі нашар көретін және көру қабілеті жоқ жанның бәрі мәдени орындарды аралай алмайды. Ал жоба шеңберінде ағаш пен гипстен жасалған тактильді материалдарды ұстап сезінуге мүмкіндік жасалды.

Марал Шешембекова, «Дара» қорының жобалар мен бағдарламалар директоры:

- Көзі көрмейтін және зағип балаларға арналған бұл жоба аясында біз 16 жәдігер мен музей бөлімдері жайлы ақпараттар дайындадық. Осы ұлттық музей үшін 6 тактильді материал моделін әзірледік. Алматы, Семей, Қарағанды, Атырау, Павлодардағы ірі музейлермен жұмыс істедік. Біздің мақсат музелерді ерекше балаларға қолжетімді ету. 

Басты мақсат -  мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан алыстатпау. Қазір пилоттық жоба жүзеге асып жатқан өңірлерде 200-ге тарта жәдігер дерегі аудиогидке енгізілді. Келешекте музейлерге сурдоаударма қызметін бастау көзделеді.