Тұрғын үй кезегінде тұрған 700-ге жуық отбасы жыл соңына дейін пәтерлі болады

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында 20 түркістандыққа жаңа баспананың кілті табысталды. Жалпы, тұрғын үй кезегінде тұрған 700-ге жуық отбасы жыл соңына дейін пәтерлі болады.

Бұдан бөлек Түлкібас ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Қоныс тойын тойлап жатқандардың арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектер, жетім балалар, зейнеткерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Мереке қарсаңында өз шаңырағына қолы жетіп, шаттыққа кенелгендердің бірі - көпбалалы Қайназаровтар отбасы.

Салтанат Қайназарова, қала тұрғыны:

- Алып жатқан пәтеріміз өте қолайлы жерде. Оң жағымызда үлкен ЦОН бар, сол жағымызда Түркістан қалалық емханасы бар. Біз дәл ортасныда, жолдың бойында. Үйіміз барлық жаңдайымен, абой жапсырылған. Су, жарық келіп тұр. Орталықтандырылған жылу келіп тұр. Аллаға шүкір осныдай баспанаға ие болғанымызға. Барша қазаққа жұғысты болсын деймін.

Биыл Түркістан қаласында 3296 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оған бүгінге дейін 5 мыңға жуық адам көшіп келген. 

Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:

- Биылғы жылдың өзінде 200 мыңнан астам шаршы метр үйдің құрылысы жүргізіліп, 51 тұрғын үй пайдалануға беріліп отыр. Соның бірі міне 9 қабатты 5 тұрғын үйді тапсырғалы тұрмыз. Бүгін сіздермен бірге соның бір қуанышына куә болып, бас қосып тұрмыз. Пәтерлеріңіз берекелі орынға айналсын.

Жалпы жыл соңына дейін  тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік топтағы тағы 500-ге жуық адамға пәтер кілтін тапсыру жоспарланып отыр. Ал, 2023 жылы 62 үй салынып, 4202 пәтер иесі қоныс тойын тойлайды. Бұдан бөлек, мереке қарсаңында Түлкібас ауданында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Тұрар Рысқұлов ауылында бой көтерген «Майлыкент» мектебі Тәуелсіздік күні қарсаңында ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлады.

Әмірбеков Құрманбек, еңбек ардагері:

- Аудан жұртына бұл керемет сыйлық болайын деп тұр. Себебі мектептің барлығы Т.Рысқұлов ауылының оңтүстік бөлігінде орналасқан еді. Халық көбі солтүстік бөлігінде тұрады. Мектептің осы жаққа соғылғанына бүкіл ел-жұртымыздың қуанышында шек жоқ. Балаларымызға осы мектептен білім алып, үлкен азамат болса бәріміз соған қуанамыз.

Жалпы аумағы 2 гектар жерді алып жатқан білім ошағының ғимараты 3340 шаршы метрді құрайды. Жаңа нысанда мемлекеттік білім беру мен оқу  стандарты толық орындалған. Бұнда бастауыш сыныптарға арналған 5 сынып, арнайы пәндерге арналған 8 сынып, 7 оқу кабинеті бар. Біріктірілген мәжіліс және спорт залы, ұлдар мен қыздарға арналған екі бөлмелі шеберхана, типтік асхана  қарастырылған. Бүгінгі таңда облыстық бюджет есебінен ауданда 2 жаңа мектеп пен 1 қосымша ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.