Желтоқсаншы Ләззат Асанова ұстаздарының жадында әлі күнге дейін жаңғырып тұр

Білім саласында қырық жылдай қызмет еткен Бағдагүл Нүкеқызы – Ләззат Асанованы шығармашылыққа баулыған ұстазы. Шәкіртімен бірге аудандық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алғанда түскен суреті музей төріне қойылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, қыршын кеткен қызғалдақтың жарқын бейнесі әлі күнге дейін жадында жаңғырып тұр. 

Бағдагүл Найзабекова, Ақжазық ауылының тұрғыны:

- Ол өте ұқыпты тәртіпті болды. Өте таза жүретін. Сондықтан оны клас жетекшісі тазалық секторы қылып сайлап, тазалық дорбасын асып алып балаларға көмектесіп жүретін. Сол кездің өзінде ақ жалындаған. Әр іске бейім, өнерлі, би десең биге қатысатын, мінезі ашық жайдары елмен тез тіл табысатын, тік мінезді, ашық өжет болды қаҺарман қыз. Біз үшін Ләззат әлі де қаһарман.

Ләззат Асанова Ақжазық ауылының Жамбыл атындағы мектебінде   1977-1985 жылдар аралығында оқыды. Сегізінші сыныпты аяқтап,  музыкалық училищеге түскенге дейін озат оқушылардың бірі болыпты. Аймақтағы мерекелік шараларға да белсене қатысқан. Сол кезде киген ұлттық киімі, домбырасы, қобызы музейде көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Гүлбану Нұрсапақызы, Жамбыл атындағы мектеп директоры:

- Желтоқсан құрбандарын еске алу күніне барлық кластарда міндетті түрде ашық тәрбие сағаттары және Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу сағаттары өтеді. Және осы мұражайға басқа мектептің оқушылары келіп, Ләззат Асанованың қысқа болса да өмірімен ол қыздың қандай болғаны туралы мағлұмат алып батыл болуға өнерлі болуға үйренеді.

Білім ордасындағы сыныптардың бірі Ләззат Асанованың атымен аталады. Онда Желтоқсан құрбандарын еске алу, Тәуелсіздік күніне арналған сабақтар өтіп, оқушылар отаншылдық рухта тәрбиеленеді.

Ақжазық ауылындағы көшеге Ләззат Асанованың есімі берілген.Ал,  аудан орталығында Ербол Сыпатаев екеуіне арналған ескерткіш қойылған. Жыл сайын «Желтоқсан құрбандарын» еске алып, отанын сүйген жалынды жастардың рухына тағзым етіледі. Сол арқылы олардың есімі ел жадында мәңгі сақталмақ. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов