ШҚО-да аутист балаларға арналған орталықтар жұмысын бастады

Елімізде психологиялық медициналық әрі педагогикалық комиссия саны артады.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеген болатын. Өйткені қазір «аутизм синдромы» бар балалар саны көбейген. Сондықтан бүлдіршін бойынан бұл ауытқушылықты неғұрлым ерте анықтаудың бүкіл  жолдары қарастырылуы керек. Бұл тұрғыда әсіресе ауыл-аймақта арнайы коррекциялық орталықтар ашудың маңызы ерекше. Мәселен, осы күзде Шығыс Қазақстан облысында осындай үш бірдей мекеме жұмысын бастады.

Владислав Архипов 7 жаста. Бірінші сыныпта оқып жүруі тиіс бала, енді ғана сөздерді жіктеп айтып үйреніп жүр. Ол Алтай қаласындағы арнайы мектеп интернатта білім алады. Бүгінгі жетістігі жаман емес. Бала бойындағы жақсы өзгерісті анасы бірден байқапты.  

Надежда Архипова, ата-ана:

- Біз бұл жерге келмей тұрып, бірнеше сөз ғана білетін едік. Соны әрең айтатын. Енді мінеки бүгінгі жетістігіне қуанып тұрмын. Толық сөйлемді қойып, тақпақ та айтып беретін болды.Буындап оқи да аламыз.Есептеуді де үйреніп келеміз. 

Осы жерде аутистік спектр ауытқуы бар тағы 30 бала тәрбиеленеді. Бұған дейін тек есту және сөйлеу қабілетін дамытуға бейімделген интернат қазір аутизмге ден қоя бастаған. 

Юлия Лосинская, Алтай қаласы №2 арнайы мектеп-интернат директоры:

- Шынымен де аутисттік спектр ауытқуы байқалған балалар  саны артып келеді.Сондықтан да дәл осы бағытқа арналған кабинеттер ашуды жөн санадық.ең басты міндетіміз осындай  диагноз қойылған бүлдіршіндердің қоғамдық ортаға сіңісіп, бейімделіп кетуіне ықпал ету.Аутизм синдромы бар балаларға арнап, қазір Алтай қаласындағы аурухана ішінен де арнайы кабинеттер ашылды. Облыс орталығы Өскеменде де мұндай орталықтар қатары артып келеді. Жақында ғана 120 орындық оңалту орталығы ашылды. 1,5-18 жас аралығындағы балалар мен жеткіншектерге  емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы арқылы қолдау көрсетіледі. 20 сынып бар. Ең бастысы, әлеуметтік мекеме қызметі толықтай тегін.

Жадыра Садықова, күндізгі бөлім әдіскері:

- Бұрын мысалға  біз сабақты карусель ретінде жүргізетінбіз, мысалы балалар үш топқа бөінеді де, кезек кезек кабинетте мысалы жүрсе, қазіргі таңда біз кәдімгідей сабақ кестесін құрдық, ол жерде балалар толыққанды қырық минут сабақ өтеді, одан кейін барлығы жоспар бойынша жүретін болады, қазіргі таңда бізде.

Облыс орталығындағы мына бір коррекциялық мекеме аутист бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін тиімді. Олар  балаларын таңғы сегізден кешкі 5-ке дейін осында  қалдырып, өздері жұмыс істей алады. Қазір мұнда 111 бала келіп жүр. Оның қырық шақтысы бірінші сыныпқа қабылданған. Өйткені аталған орталық бүлдіршіндерді мектепке бейімдеуге ерекше басымдық береді. Жалпы өлкеде аутистік спектр ауытқуы бар  мыңға жуық бала тіркелген.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов