Батыс Қазақстан облысында АӘК алушылар саны азайды

Батыс Қазақстан облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал 9 ауылда мұндай төлемді ешбір отбасы алмайды екен. Ол елдімекендерде тұрғындардың көбі агроқұрылымдарда, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарында еңбек етеді. Енді бірі өз кәсібін өрге домалатып отыр.

Бейбітшілік ауылында қысы-жазы қызу еңбек. Тұрғындардың көбі өсімдік шаруашылығымен айналысатын іргелі кәсіпорында жұмыс істейді. Олег Шейко – кез келген ауыр техниканы тізгіндей алатын білікті механизатор. Ол ұзақ жылдан бері агроқұрылымдағы жүк көліктері мен комбайнды басқарып келеді. Күнделікті тауып жүрген табысы тәуір. Оның үстіне отбасымен бірге 20 ірі қара мен 60 шақты шошқа бағып отыр.

Олег Шейко, Бейбітшілік ауылының тұрғыны:

- Егістік шығымы мол болса, күніне тіпті 100 мың теңгеге дейін тапқан кезіміз болды. Ал сол орақ маусымы табысты болу үшін көктемгі далалық жұмыстарына да баса назар аударамыз. Өзіміздің жеке мал шаруашылығымызды да қатар алып жүрміз. Ауылдың таза өнімдеріне қаладан сұраныс жоғары.

Бұл ауылдық округтің құрамында 4 елдімекен бар. Жері құнарлы аумақта егістіктен жыл сайын мол өнім жиналады. Сәйкесінше агроқұрылымдардың әлеуеті жақсарып, жұмыс орындары көбейген.

Бейбіт Асанов, шаруа қожалығының басшысы:

- Ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттен жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Нәтижесінде қожалықтардың өндіріс қуаты да, ондағы еңбек күші де артып келеді. Тұрақты әрі табысты жұмыс бар жерден ауыл тұрғындарының кеткісі жоқ.

Оның үстіне елдімекендер күре жолдың бойында жатыр. Кейбір тұрғындар сол трассадағы сервистік қызмет көрсету орындарында тұрақты еңбек етеді. Ауылдық округте ешбір отбасы атаулы әлеуметтік көмек алмайды.

Гүлнәр Нұриденова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

- БҚО-да бүгінгі таңда АСП алмайтын 9 ауылдық округ бар. Оның ішінде Бәйтерек ауданында 4 ауылдық округ бар: Бейбітшілік, Шалғай, Чирова және Янайкин ауылдары. Бөрлі ауданында 2 ауылдық округ бар: Приуралье және Достық. Сонымен қатар Шыңғырлау ауданында 3 ауылдық округ бар: Ақтау, Алмаз, Ақбұлақ. Бұл ауылдарда АСП алушылардың жоқ болу себебі олар жұмыспен қамтылған, шаруа қожалықтарында, ауыл шаруашылығында жұмыс жасауда.

Атаулы әлеуметтік көмек отбасының жинақты табысы кедейшілік шегінен төмен болса ғана тағайындалады. Облыста 3 мыңнан астам отбасыға осындай төлем төленген. Өткен жылмен салыстырғанда олардың қатары 24,5%-ке азайған.