Шымкент қаласында кәсібі тұралаған құс фабрикасы бір жылдың ішінде қайта жанданды

Тауық етін өндірумен айналысатын «Қайнар құс» фабрикасы Аграрлық несие корпорациясының көмегімен аяққа тұрды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тиімді несиенің арқасында кәсіпорын қуаты 44%-ке өсіп, қазір өнімі көрші аймақтарға сатылып жатыр. Әріптесім Нұрсұлтан Мұхамеджан толықтырады.

«Қайнар құс» фабрикасы биыл 3 мың тонна тауық етін саудалады. Толық автоматтандырылған кешенде құс еті өңделіп, бүгінде 16 түрлі өнім шығарылады. Бұл қуатына кәсіпорын жақында ғана шықты. Былтыр жем-шөптің 60%-ке дейін қымбаттауынан құс азығын уақытылы жеткізу қиындап, тауықтың жартысына жуығы қырылып қалған. 

Фарида Бексейітова,   «Қайнар құс» фабрикасының директоры:

- Біз 2021 жылы көп тауық алып келіп тауықтарымыздың көбі өлу себебіне байланысты қаражатымыз азайып қалды. Біз жұмыртқа сатып алып тауық өндіре алмай қалдық.

Шығынға батқан кәсіпорын айналым қаражатын толтыру үшін биыл Аграрлық несие корпорациясына жүгінген. Сыйақының 8%-ін мемлекет субсидиялаған. Несие қаражатына мол қылып жем-шөп сатып алды.

Фарида Бексейітова, «Қайнар құс» фабрикасының директоры:

- Сол несиенің арқасында Түркиядан жұмыртқа әкеліп, балапан өсіріп, ет сатып жатырмыз. Жұмыс әрі қарай жүріп жатыр. Енді бұдан да көбейтсек деп отырмыз. Қазір біздің қуатттылығымыз 4 мың тонна болса, оны алты мыңға жеткізсек деп отырмыз.

Шымкенттік шаруаларды қолдау үшін Аграрлық несие корпорациясы биыл 21 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Тиімді несие бағдарламалары мал басын көбейтіп, техника мен қажетті құрал-жабық сатып алуға

Ақылжан Сарыбай, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ШҚФ  директорының орынбасары:

- Бұл ауыл шаруашылық болғаннан кейін пайызы төмен және өзінің циклына байланысты өзінің жеңілдетілген каникулы қарастырылған. Ол несиені ала салып, келесі айдан бастап төлеу емес оның циклын есептеп, анализ жасап, негізгі борышын екі рет пайызын екі рет төлейтіндей жеңілдетілген график қосып бердік.

Қазір «Қайнар құс» фабрикасы дайын өнімді Түркістан облысы мен Шымкент қаласына сондай-ақ, көрші Таразға саудалайды. Алдағы уақытта тауық етін бүкіл республикаға сатуды мақсат етіп отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов