Маңғыстау облысында балаға қол көтерген қызметкер жұмыстан шығарылды

Маңғыстау облысында балаға қол көтерген педагогика саласының 2 қызметкері жұмыстан қуылды. 

Қараша айында Жаңаөзендегі №5 мектеп-гимназиясында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыларды ұрып жатқаны ғаламторда таралған еді. Видеода ер адам жеткіншектің шашынан тартып, кейін бірнеше рет ұрғаны, сондай-ақ тағы бір оқушыны тепкені анық көрінеді. Бұл дерек бойынша құрылған арнайы комиссия әлгі мұғалімді еңбек Кодексінің 52-бабы бойынша қызметтен босатты. Дәл осы айда Ақтауда балабақша тәрбиешісінің бүлдіршіндерді аяусыз жұлқылаған сәті әлеуметтік желіге таралып, ата-аналардың наразылығын тудырды.

Тілектес Болатбаева, Маңғыстау облысы бойынша бала құқығы жөніндегі омбудсмен:

- Ол тәрбиеші де жаңағы айтылған Кодекспен жұмыстан шығарылды. Маңғыстау облысында былтыр мұндай оқиғалар болған жоқ. Қазірде құжат жасақталды. Осы Қазақстан Республикасы бойынша талқылауда жүр. Енді соның шешімін күтеміз. Бұйырса, осындай жағдайларда қолданатын құжат болады деп ойлаймын.