Қытайда оқитын қазақ қыздары елімізді әлеуметтік желіде әйгілеп жүр

Қытайда оқып жүрген апалы-сіңлі қазақ қыздары елімізді әлеуметтік желі арқылы таныстырып жүр.

Олар туған елдің мәдениеті, тарихы туралы материалдарды жариялап, қазақтың танымал брендтері туралы ақпарат береді.

Жат жерде білім алып жүрген Ботакөз бен Томирис Елшібек туған елін танытуды мақсат тұтады. Осы арманның арқасында әпкелі -сіңілі қыздар Қытайдың Вичат платформасында "QazaqLand" атты жобасын ашты. 

Ботакөз Елшібек, студент:

- Менің ойлағаным, Қазақстан туралы көп контент жоқ, қазіргі заманауи, жастардың атынан және қытайша. Сондықтан біз 2021 жылдың ноябрінен бастадық. Әр апта сайын қытайша, ағылшынша Қазақстан тарихы туралы, музыкасы, адамдар туралы интервью аламын, осы Қытайды жетістікке жеткен, жұмыс істеп жүрген кісілерден интервью аламын, одан кейін брендтерді таныстырамын. "QazaqLand", чжунха чжилу, менің жасап жүрген үлкен проектілерімнің бірі. Көлемі жағынан кішкентай болғанмен, бірақ менің проектім арқылы Қазақстан туралы біліп жатқан кісілер өте көп. Жобаның басты мақсаты Қазақстан туралы қытайша және ағылшынша контент ұсыну. Өйткені Қытай Қазақстанның ең үлкен көршісі болғанымен, көп қытайлар әзірге Қазақстанды көп біле бермейді.

Өз парақшасында бойжеткендер қазақи, танымдық ақпарат жариялайды. Кешегінің жұрнағын жаңғыртады, бүгінгінің үздігін паш етеді. Қазақтың ұлттық киімін, тағамын, заманауи кино, ел мен халық туралы қызықты деректерді осы жерден табуға болады. 

Ботакөз Елшібек, студент:

 - Егер жаңалықтар болса, статья жасаймыз да. Фото, видео материалдарды кейде біз өзіміз жасаймыз, қытайша түсіреміз, мысалы, Қазақстанда істеуге болмайтын он зат, Сізді Қазақстанда таңқалдыратын он зат немесе Қазақстанның ең әдемі жерлерін білесіз бе деген сияқты.

Ботакөздің айтуынша, қытайлық оқырмандарды ең қатты баурайтыны қазақ музыкасы. Жақында кейіпкерлеріміз аудиторияның санын кеңейтті: енді Қазақстан туралы ақпарат Қытайдың басқа да әлеуметтік желілерінде жарияланады. Жұмысты нәтижелі жүргізу үшін, әркім өз міндетін мінсіз атқару керек. Мысалы, кенже сіңілісі Томирис, монтаж жасайды. Сонымен қатар, ол қытайларға қазақ тілін үйретеді. 

Томирис Елшібек, студент:

- Менде "QazaqLand"-тің ішінде тағы бір жоба, қазақ тілін бірге үйренейік деген, қытайша аты "ици сюэ хасакэ юй ба". Мен өзімнің вичат парақшамда видеоларды шығарып отырамын. Әрине күнделікті болмаса да, достарды, басқа қытайды, немесе қазақ тілін үйрені мамандығы оқушылары менің видеомды тыңдау арқылы қазақша үйренеді, көбісі рахметін айтып, жақсы мұғалім екенін деп жатыр.

Ботакөз бен Томирис парақшаны өздері жүргізеді. Келешекте Қазақстанда жасалған өнімдерді тікелей эфирде сататын онлайн платформаларда еліміздің павильонын ашуды жоспарлап отыр. Бұл қытайлық бойжеткендер үшін шопингтің бір түрі. Бірақ оны ашу үшін қазақстандық мемлекеттік органдардан рұқсат алу керек дейді Ботакөз. 

Оқу мен әлеуметтік желілерде жұмыспен бірге, Ботакөз Шанхай ынтымақтастық ұйымы жастардың қызметіне белсенді қатысып жүр. Оқып жүрген қалада арнайы хаб ашып, ШЫҰ саммитінің моделіне қатысып де үлгерді. Оның айтуынша, бұндай әрекеттер жетекшілік пен жасампаздық сияқты қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі.

Лин Чэнь, Шанхай ынтымақтастық ұйымы шанхайдағы жастар хабының мүшесі:

- Бота менің Қазақстанға көзқарасымды өзгертті. Бота сияқты студенттер Қытайда әр турлі жобаларды іске асырады. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Шанхайдағы жастар хабы шеңберінде Бота көптеген іс-шараларды өткізеді, олар Ұйым елдерінің, оның ішінде Қазақстан мен Қытайдың дарынды жастары арасындағы байланыстарды, өзара танушылықты дамытуға көмектеседі. 

Коронавируске байланысты қыздар үш жылдан бері туған елге аяқ баспаған. Ұзақ мерзімді локдаунды да көрді. 

Ботакөз Елшібек, студент:

- Бөлмеден де шыға алған жоқпыз. Есіктің алдымызға тамақты қалдырып кетеді, сосын жаңағы селф тестті қалдырып кетеді күн сайын. Сондықтан өте қиын болды. Мен бес-алты ай отырдым. Төрт айдай комнатада отырдым, одан кейін тек мектептің көлемінде. 

Томирис Елшібек, студент:

- Бізде де локдаун болды, бірақ Шанхайда сияқты Нанкинде қатты қиын болған жоқ.

Осындай қиындықтарға қарамастан апалы-сіңлілер ұстанымы мығым, мақсаты айқын, салт-санаға берік. Жат жерде оқып жүріп, қоғамдық өмірге белсенді араласады, жергілікті телеарналардағы бағдарламаларға түседі. Оларға отбасы мен ортасы ынта-жігер береді. Ата-анамыздың бойымызға сіңірген тәрбиесі мен қазақы тектілік қай жерде де өз ұлтымыздың абыройын асқақтатуға зор септігін тигізеді дейді олар.