Балуандар барыс жылын қорытындылады

Қазақстан күрес федерациясы жылды қорытындылады.

Балуандарымыз барыс жылында біраз биікті бағындырыпты. Яғни күрестің үш түрі бойынша жастар мен жасөспірімдер және ұлттық құрамамыз әртүрлі жарыстарда 112 медаль жеңіп алған. Өткен жылмен салыстырсақ алға жылжу байқалады. Бірақ әлі де көңіл толмайтын тұстар көп. Өйткені қазақ балуандарына олимп шыңын бағындырмағалы 40 жылдан асса, әлем чемпионатында топ жармағалы 24 жыл болыпты.

«Бұл біздің күресімізге ғана емес жалпы спортымызға үлкен сын. Сондықтан алдағы қоян жылы қоян-қолтық жұмыс жасап әлем және олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп шығаруымыз керек», - деді федерация президенті Дәулет Тұрлыханов. Еліміздің әр аймағынан келген жаттықтырушылар мен федерация мамандары және ұлттық құрама бапкерлері өз жұмыстарына есеп беріп, басшылыққа ұсыныстарын да жеткізді. Егер алдағы уақытта барлық «тиімді жағдай» жасалса, біз байрақты бәсекелерде топ жару үшін тынбай еңбек етеміз,-деп уәде берді.

Дәулет Тұрлыханов, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті:

- Тиімді жағдай деген не? Оқу-жаттығу жұмыстары дұрыс болу керек. Өз уақытында болу керек. Үстіне киетін киімі бүтін болу керек. Ішетін тамағы тоқ болу керек. Бала-шағасы үшін қам жемеу керек. Өйткені үйленгендері бар, тұрмыс құрғандары да бар қыздардың арасында. Жаттықтырушылардың да бала-шағалары бар. 8-9 ай үйде болмайды олар. Сондықтан осындай проблемалық мәселелерді қарадық.