Алматыда «TECHCUP-2022» ашық чемпионаты басталды

Алматыда  робототехника және инновациялық технологиялар бойынша ашық чемпионат басталды.

Жарысқа еліміздің әр өңірінен 700-ден астам команда келген. Қатысушылардың жас деңгейі 7-ден 22 жасқа дейін. Бәсеке өте жоғары. Себебі, үздік шыққан мектеп түлектері білім грантына ие болады. Яғни, жеңімпаздарға еліміздің беделді жоғары оқу орындарынан 15 білім гранты бөлінеді. Жас өнертапқыштар  инженерлік жобалар, бағдарлама жасау,  ІТ-бизнес, 3D-модельдеу бағыты бойынша сынға түсіп жатыр. Оған қоса өздері жасаған роботтарын жарыстырып, біліктілігін байқатты. Мұнда роботтың алуан түрін кездестіруге болады. Тіпті дәріс беретіндері де бар. Жасөспірімдер қуанып, таңғалысын білдіре алатын роботты да сәтті жасап шыққан. Кептелісте кезек күтіп тұрмай ұша жөнелетін аппарат та – жас техниктердің еңбегі.

Әлиислам Құрманғалиев, оқушы:

- Робот Айкош. 5 функиясы бар. Біріншісі камера онлайн трансляциямен, екіншісі дисплей ол арқылы балаларды оқыта алады, үшіншісі ауа тазартқыш, ауа тазартып балаларға қолайлы жағдай жасайды. Төртіншісі психолог, бесіншісі жүретін механизмі.

Андрей Дюпик, қалалық жаңа технологиялар орталығының директоры:

- Біздің балалар өте дарынды, жобалары өте қызық. Әрбір жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар. 9-сынып оқушыларының өзі қазірден IT-бизнеске қадам баса бастады. Олар дизайн, бағдарлама әзірлеу, робототехника жобаларын таңдаған.