Қостанайда боранның күшейуіне байланысты жолдар жабылды

Қостанай облысында республикалық және облыстық маңыздағы бірнеше жол жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Боранның күшейуіне байланысты түс ауа бес бағытта қозғалысқа  шектеу енгізілді. Атап айтсақ, Әулиекөлден Ақмола облысына дейін, Рудный-Қашар-Федоров, Жітіқара-Қамысты-Ливанов, Қарасу-Үлкен Чураков және Қойбағар-Қарасу-Севастополь бағыттарына жолға шықпау жөнінде  хабарлама таратылды. Қазір трасса бойында 30 шақты жылыту пункті жұмыс істеп тұр. Құтқарушылар да тас-түйін дайын. Полиция қызметкерлері жолда жүргізушілерді барынша сақ болуға шақырды.  

Айта кетелік, жыл басынан бері облыста 307 жол көлік апаты болып, 100 адам қаза тапқан.    

Серікбай Кәдірбаев, облыстық Полиция департаментінің қызметкері:

- Бүгін таңертең республикалық маңыздағы Мамллюта-Қостанай тас жолының бойында Шкода Октавия автокөлігі Камазбен соқтығысты. Жеңіл көлік қарсы бетке шығып кеткен. Соның салдарынан үш адам түрлі жарақат алды. Жүргізуші ауыр халде ауруханаға жеткізілді.Осындай тосын жағдайға ұрынбас үшін жүргізушілерден алыс жолға шықпауды сұраймыз.