Қыс мезгілінде жол қызметі күшейтілген режимге көшеді

Қыс мезгілінде жол қызметі күшейтілген режимге көшеді. Күре жолдарда кедергісіз жүруді «ҚазАвтоЖол» бөлімшелері қамтамасыз етуде.

Олар қолайсыз ауа райында жолда қалғандарға  көмек көрсетеді. Қыс басталған 2 айда көмекке жүгінгендер саны 500-ден асқан. Жолда қалған 200-дей көлік  жылы бокстарға жеткізіліпті. Биыл қыс қатты. Соған сәйкес автожолдарда  шектеулер де көп. Тек өткен түнде "Қазавтожол" колл-орталығына 2 мыңнан астам қоңырау келіп түскен.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Әдетте қиын жағдайға тап болғандар жол қызметіне алғысын жаудырып жатады. Ал қолайсыз ауа райында сапарға шығудың өзі  қауіп-қатерге толы екенін көбі қаперге алмайды.

Андрей Кришов, әуесқой жүргізуші:

- Біз түнде жолға шыққанбыз. Бірақ көлігіміз бұзылып қалды. Сол себепті 1403 байланыс орталығына қоңырау шалуға тура келді. Жолшылар келіп, көлікті ДЭУ аумағына сүйреп апарды. Ал бізді жылыту пунктіне орналастырды.

Бұл жерде жолда қалған көліктер жылытылады. Жолаушыларға ыстық тамақ даяр. Қар құрсауынан шығаруға кез-келген уақытта қар тазалағыш көліктер аттанады.

Ермұрат Қабиев, жол машинасының жүргізушісі:

- Қар жауғанда шығамыз. Мына Камаздың моторын істеп шығардық. Енді доңғалақтарын ауыстырамыз. Осы Қазақавтодорда істеп жатқаныма 20 жылдан асып кетті. Техникамыз жақсы, даяр шығуға, қар тазалауға.

Жол үстінде түрлі жағдайлар кездеседі. Жуырда жолаушылар автобусы істен шыққан. Қақаған аязда ондаған жолаушы құтқарылды. 

Олег Левченко, 61- жол пайдалану учаскесінің басшысы:

- Қатты аяз кезінде автобус жолда қалған. Біз оның бұзылған бөлшегін әкеліп бердік. Жылытып, жөндеуге көмектестік.

Дәл қазір, республикалық маңызы бар тасжолдарда 700-ден аса арнайы техника кезекшілік етеді. Олар қарлы боран, аязды күндерде тәулік бойы көмек көрсетуге даяр.