ШҚО-да әйелдер көшбасшылығы туралы жоба жүзеге асып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында «Заманауи тәуекелдер мен жаһандану жағдайындағы әйелдер көшбасшылығы» жобасы жүзеге асып жатыр. 

Ауқымды шара аясында кәсіпкерлік, мемлекеттік қызмет саласындағы нәзік жандылар үшін шеберлік сағаттары өтуде. Басты мақсат – олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға қолғабыс жасау. Бұл жұмыс жүйелі сипатқа ие.

Бүгінде Қазақстанда 250 әйел ауыл және ауылдық округ әкімдерін басқарады. Олар халықты алаңдатқан мәселелерді шешуге атсылысып келеді. Нұргүл Бақынова - Парыгин ауылдық округінің әкімі. Шеберлік сағатына қатысып, күрделі ісіндегі жаңа әдіс-тәсілдерді меңгергісі келеді.

Нұргүл Бақынова, ШҚО Алтай ауданы парыгин ауылдық округінің әкімі:

– Осы тренингтер көп көмек береді. Себебі, адамның өзіне деген сенімі пайда болады. Қаржылық, қаржы жағынан да біз жақсы білім алып жатырмыз. Отбасылық жағдай қалай болады? Басшылық рөлін отбасын қалай тең ұстау керек. Сондай әңгімелер жүргізіліп, біз жасқы көмек алдық.

Әйелдер әлемнің 25 елі мен үкіметін басқарады. Халықаралық деңгейдегі гендерлік саясат концепциясы елімізде де дамып келеді. Қазақстан Парламенттегі әйелдердің үлесі бойынша 192 мемлекеттің ішінде 76-шы орында. Ел Шығысында өткен шеберлік сағатына психолог-мамандар келіп, тренингтер өткізді.

Наталья Фисенко, психология ғылымдарының докторы:

- Мақсат – әйелдерді ер азаматтармен қатар жүріп, бәсекеге қабілетті болуларына көмек көрсету. Бүгінде саясаттағы әйелдердің үлесі артып келеді. Қыз-келіншектер министрлікте де, сенатта да жемісті еңбек етуде.

Бұл бағыттағы жұмыстар бір жүйеге келтірілген. Өз саласының үздігі әрі көшбасшы болғысы келетін азаматшалардың саны жылдан жылға артып келеді.

Альмира Жұмабаева, ШҚО Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыс әкімдігі «Заманауи тәуекелдер мен жаһандану жағдайындағы әйелдер көшбасшылығы» жобасын жүзеге асыруда. Жобаның қатысушылары қатарында әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен кәсіпкерлер бар.

Осындай шаралардың арқасында әйелдер қауымы отбасында да, еңбекте де табысты болуға үйренеді.