Қарағанды облысында осымен екінші жыл қатарынан «Оқырман отбасы» байқауы өткізілді

Бұл жанұяның оқуға деген құштарлығын оятып қана қоймай, мектеп бағдарламасын меңгеруге септігін тигізетін бағдарлама, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек биылдың өзінде жобаға 12 мың отбасы қатысып, ақтық сынға 15 жанұя жолдама алып отыр.  Атап өткен жөн аталған жарыс кенді өлкенің төл жобасы.

Алпысыовтар әулеті үшін байқаудың алғашқы кезеңдері артта қалған. 12 мыңға жуық жанұя ішінен іріктеліп шыққан үздік 15-тің қатарында. Ендігі мақсат – жүлделі орынға таласу. Сахналық қойылымда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай мысалдарын сахналау міндеті қойылған.

Орынтай Әубәкірова, конкурсқа қатысушы:

- «Емен мен қамыс» мысалын сомдап шықтық. Мұнда еменнің тәкәпарлығы қамысты менсінбеушілігімен сипатталады. Дегенмен қанша мықты болса да емен қатты желге қарсы тұра алмай  құлап қалады. Ал, қамыс нәзіктігімен аман қалады, соны сомдап шықтық, жақсы шықты деп ойлаймын.

Жарас Алпысов байқауға тыңғылықты дайындалды.  Әкесі  жанұяның фотогалереясын өзі жасаған. Ал, анасы екеуі қойылым сахналады. Байқаудан кейін кітапқа дегентқұштарлығы арта түсіпті.

Жарас Алпысов, «Дарын» мектеп-интернатының оқушысы:

- Мен бірінші сыныптан бастап кітап оқығанды жақсы көремін. Менің негізгі сүйікті ісім кітап оқу, ұлы зиялыларды зерттеу. Мен 5 жасымнан бастап алғашқы кітаптарды оқи бастадым,  Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі менің алғашқы өлеңім болды.

Бақытгүл Әбдікерова, облыстық Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы директоры:

-2020-шы жылдан бері ҚО-да мемлекет басшысының тапсырмасымен оқуға құштарлық бағдарламасы жүзеге асуда. Осы жоба аясында облыста бір отбасы бір кітап акциясы жүргізіліп жатыр. Осы акция негізінде оқырман отбасы байқауы өткізілді. Өткен оқу жылында оған 5 мың отбасы қатысса, биылғы жылы 12 мыңға дейін өсті.

Байқау қортындысы бойынша Қарқаралы ауданынан келген Шәріптер жанұясы үздік деп танылды. Қалғандары да түрлі сыйлықтармен әр номинация бойынша марапатталып отыр. Қысқасы жеңілгендер жоқ. Ұйымдастырушылар келер жылы аталған байқау тіпті көп оқырманды қамтитынына сеніммен қарайды.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар