Ақтөбе облысында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке бет бұруы көбейіп келеді

Тек Мәртөк ауданы бойынша биылдың өзінде қайтарымсыз грант ұтқандардың 50-ден астамы ісін дөңгелетіп отыр. Арасында өнімін облыс орталығына жеткізуді жолға қойғандары да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттің қолдауын сезінген тұрғындар «Ауыл аманаты» жобасына да қытысып жатыр.

Валерий Логвиненко өз үйінің ауласындағы екі бірдей шағын жылыжайдан қысы-жазы өнім алып отыр. Бұл осыдан үш жыл бұрын бастаған кәсібінің жемісі. Ерекшелігі сол – жылына екі мәрте өсірілген қияры жергілікті нарықта сұранысқа ие. Ал, берекелі іс «бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының аясында ұтқан 600 мың теңгелік гранттың арқасында өрге жүзген. Қолға тиген қаражат жылыжайдың жылыту жүйесі мен өзге құрал-жабдықтар алуға бағытталған.

Валерий Логвиненко, Мәртөк ауылының тұрғыны:

- Біз тұқымды көктем мен қыста сеуіп, өсіреміз. Енді пияз егіп көрмек ойымыз бар. Ал, келер жылы жер теліміне өтініш беріп, тағы бір жылыжай салмақ ойымыз бар. Жоспарымыз көп.

Родников ауылының қарапайым тұрғыны Жанна Қоқанова да мемлекеттік қолдаудың көмегімен кәсіп бастап, ісін дөңгелетіп отыр. Бала күнінен көзі нашар көрсе де, бизнеспен айналысу туралы арманын іске асыруда. Ал, қайтарымсыз гранттың көмегімен алған асыл тұқымды ешкінің сүтіне қазір ауылдықтар мен Ақтөбе тұрғындарының сұранысы жоғары.

Жанна Қоқанова, Родников ауылының тұрғыны:

- Егер бір ешкіден күніне 5 литр сүт алынса, оның бағасы бес мың теңгеге тең. Одан бөлек, май-қаймақ қылуға да болады. Ең бастысы майлылығы мен ағзаға тигізер пайдасы мол. Ағылшын-нубилік тұқымы болған соң, бұның лақтарын да сұраушылар көп. Тіпті, Атырау, Орал қалаларына келіп сатып алып кетті.

Кәсіпкерлікпен айналысу қазір ауылдықтар арасында белең алған. Сондықтан болар, қайтарымсыз грантқа қол жеткізу – әжептәуір іс бастау үшін үлкен мүмкіндік деп біледі. 

Равиль Абилов, Родников ауылдық округінің әкімі:

- Биыл 4 грант алынды. Негізі гранттың суммасы – 1 250 000. Бәрі де сондай сомманы алды. Қазір жаңа бағдарлама ашайын деп жатыр «Ауыл аманаты» деген. Соған біздің адамдар қатайын деп жатыр көбісі.

Биыл мәртөк ауданы бойынша 50-ден астам азамат грант алып, іс бастаған. Көбісі мал шаруашылығын өркендетуді қолға алған. Дегенмен, қызмет көрсету саласында да кәсіп бастауды көздегендер көбейіп келеді дейді мамандар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев