Атырау облысында жаңа мәдениет үйі салынады

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылында келер жылы жаңа мәдениет үйі салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қиырда жатқан шағын ауылдағы мәдениет ошағы 2009 жылы апатты жағдайда деп танылып, бұзылған болатын. Содан бері қарабаулықтар қайда арызданса да, нәтиже шықпай жүрген еді. Бас қосатын белгілі орны жоқ ауыл жастары тұрақтамай жан-жаққа кетіп жатыр.  Енді осы олқылықтың орны толады.

Кезінде дәулескер күйші Еспай Балаұстаұлының атын иемденген мәдениет үйі тек ауылға емес, ауданға абырой әперген, талай таланттарды тәрбиелеген өнер ұясы еді. Бірақ 2008 жылы ақпанда жылу қазандығы жарылып, мәдениет үйі жылусыз қалды. Кейін қабырғалары қақырап, мүлде жарамсыз күйге түсті. Апатты ғимарат адам өміріне қауіп төндірген соң ақыры бұзып тастаған. Содан бері 14 жыл бойы ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері балабақша мен әкімдіктің кеңсесін паналап жүр. 

Роза Бүркіт, Мәдениет үйінің басшысы:

- Домбырашылар өсіп келе жатыр, ақындар өсіп келе жатыр жақсы-жақсы. Жақында  9 класс оқитын баламыз облысқа барып ақындар айтысынан бас жүлдені жеңіп келді. Сондай балаларды үлкен өнерге тартып, халыққа, ата-аналарына көрсетсек деген ой ғой біздікі.

Қарабаулықтар үшін жыр болған мәдениет үйінің құрылысы басталады дегелі де 5 жылдан асып барады. Үмітін үзген қабілетті жастардың қала жағалап біртіндеп кетіп жатқаны да жасырын емес. Дегенмен, ауылдықтардың орынды талабы аудан басшыларының құлағына жеткен сыңайлы.

Жарас Есенғалиев, аудан әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану бағытында ауданда мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. 300 орындық мәдениет үйіне 1 млрд 129 мыңға сараптамадан өтіп, экспертизадан өтіп дайын тұр. Бұйырса, облыстан ақша бөлінген жағдайда ол алдағы уақытқа жоспарланып отыр. 

Қызылқоға ауданы бойынша «Тасшағыл» және Мұқыр ауылдарында мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Ендеше қарабаулықтардың да кемістігі толар күн қашық емес.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев