Маңғыстау облысында палеонтологиялық музей ашылды

Маңғыстау облысында алғаш рет мектеп жанынан палеонтологиялық музей ашылды.

Идея авторы мамандандырылған ІТ-лицейдің 9-сынып оқушысы Мария Жөнелбекова. Музейге палеоген акуласының тістері, теңіз кірпілері, ұлу және тасбақа қаңқалары қойылған. Оларды ізденімпаз жеткіншек әр жылдары жүргізген зерттеулері кезінде жинаған.

Дарынды өрен Мария өз білгенін бастауыш сынып оқушыларына айтып тұр. Ол музейдегі әр жәдігердің тарихын балаларға әсерлі әрі түсінікті тілмен жеткізеді.

Мектептегі музей қорында бір мыңнан аса әртүрлі жәдігерлер сақтаулы. Келушілер қызықты мәліметтермен танысып қана қоймай акула, тағы басқа теңіз хайуанатының тістері мен қаңқа қалдығын ұстап көре алады.

Мария Жөнелбекова, оқушы:

- Мына тістер Ортодус акуласына тиесілі. Бастапқыда оның дене тұрқы қазіргі акуладан басқаша болған. Осы тектес құнды жәдігерлерді Маңғыстау облысында ата-анаммен бірге жасаған зерттеулер кезінде таптым. Көбіне жаз айлары болатын танымдық саяхатымыз бірнеше аптаға созылады. Ешқашанда олжасыз оралған емеспіз.

Келер көктемде Мария оқушылар үшін танымдық экскурсиялар ұйымдастырмақ ниетте. Бұған дейін өзі барып аралаған орындарға енді өзгелерді апармақшы. Айтуынша, кейбір жерде ихтиозавр мен ежелгі тас ғасырында өмір сүрген тасбақа қаңқасы жатыр. Оларды аршу жұмыстарын мамандар жүргізуі тиіс.

Кәрім Жөнелбеков, Марияның әкесі:

- Біз оларды қайта көміп, мекенжайын GPS-құралы көмегімен белгілеп алдық. Ғалымдар қызығушылық танытса, апарып көрсетеміз. Қызым бұл салаға жастайынан әуес. Бірде таудан ұлу қабыршағы деп әкеліп бердім. Сөйтсем, ол жасы 100 млн жылдан асқан аммонит болып шықты. Бұл, Марияның зерттеу еңбегінің нәтижесі.

Сұлтанбек Құдайберген, өңірлік тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Біздің өлкеміз осыдан миллиондаған жылдар бұрынғы ежелгі алып мұхит Тэтистің табаны. Және де сол жерден табылып жатқан алып жануарлардың қаңқа сүйектерінің қалдықтары тасқа айналып кеткен. Үлкен кісілердің айналыспай жүрген, тәуекелі жетпей жүрген шаруасымен 9-сынып оқушысы Мәрия қызымыз айналысып, жақсы жетістіктерге жетіп талабын ұштап жатыр. біз соған қуаныштымыз.

15 жастағы Мария республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде топ жарған. Оның еңбек жинағы «Маңғыстаудың палеонтологиялық эволюциясы» атауымен оқу-әдістемелік құрал түрінде жарыққа шықты. Өзі оқитын ІТ-лицейде билогия және география сабақтарына қолданылып келеді.