ШҚО-да Президент шыршасын тамашалауға 450 бала жиналды

Шығыс Қазақстанда бүгін бүлдіршіндер үшін ерекше күн болды. Ең басты Президент шыршасы мен облыс әкімінің шыршасын тамашалауға бүкіл облыстан 450 бала жиналды.

Танымал ертегі кейіпкерлері, Аяз атаның базарлығы, ән мен жыр айтылған нағыз думанды шара оқушыларға үлкен қуаныш силады.

Президент шыршасын өткізу, Облыс әкімі атынан жасалған жаңа жыл кешін ұйымдастыру дәстүрлі шаралардың бірі. Сондықтан балалар асыға күтеді. Ал бүгінгідей жүзбе-жүз бас қосқан қуанышты кездесуді оқушылар пандемия салдарынан тіпті ұзақ тосқан еді.

Инесса Чернышова, ШҚО білім беру басқармасының басшысы:

- Осылай жүзбе-жүз кездеспегенімізге екі жыл болыпты. Ақыры балалар нағыз мерекеде бас қосты. Президент шыршасына дәл қазір 200 бала қатысып жатыр, ал облыс бойынша 450 бала қамтылған.

Олимпиада жеңімпаздары, ғылыми жетістік иегерлері, балалар үйінің тәрбиеленушілері. Бүгінгі кештегі сыйлы қонақтар тізімі осылай жалғаса береді. Арасында көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар да бар. Солардың бірі Нұрлан Сайлауов. Сонау Тарбағатайдан келіп тұрған ол, шырша мейрамына тиянақты дайындалыпты.

Нұрлан Сайлауов, Тарбағатай ауданы, мектеп оқушысы:

- Бұл жаңа жыл қызық болды. Мен жаңа достар таптым, бізді киноға апарды, дискотека болды. Мен әдейі осылай батыр боп киіндім. Себебі біздің қазақта өте көп мықты батырлар бар. Мен соларға еліктеймін.

Балалар шынымен ертегі әлеміне еніп кеткендей әсерде жүрді. Барлығы келер жылға үмітпен қарайды.

София Павлияненко, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі:

- Осындай кешке келгеніме қатты қуанып тұрмын. Нағыз сиқырлы жаңа жылға тап болдым. Сондықтан болашақтан тек жақсылықтар күтем.

Бүлдіршіндер Жаңа жыл шыршасынан құр қол қайтқан жоқ. Әрбіріне тәтті-дәмділер, сыйлықтар мен 150 мың теңгенің сертификаты табысталды.