Қарағанды іргесіндегі ауылдың наразы халқы жолды жауып тастайтынын ескертті

Қарағанды маңындағы Куряновск елді мекенінің тұрғындары қара түтіннен көз ашпай отырмыз деп наразы.

Іргедегі кәсіпорыннан тасылатын көмірдің шаңы бүкіл ауылды басып қалады екен. Бұл сорақылықпен екі жыл бойы күресіп келе жатқан жергілікті жұрт енді экологтардан араша сұрап отыр. Олар қандай уәж айтты, тілші тарқатады. 

Куряновск елдімекенінде қазір 2 мыңнан астам адам тұрады. Осыдан 6 жыл бұрын мұнда көмір байытатын жаңа кәсіпорын ашылған. Алғашқыда жақсы жұмыс істеген фабрика, кейінгі екі жыл бойы экология талаптарын дұрыс сақтамайды , - дейді тұрғындар. Көмірден ұшқан шаң-тозаң ауылды басып қалады екен. Оны көшеден аңғару қиын емес. Осыдан санаулы күн бұрын ғана жауған әппақ қардың беті қара күйе. 

Әлімхан Ералиев, Куряновск ауылының тұрғыны:

- Минимум 2 сантиметр көмірдің шаңы тұрады. Күн ашық болғанда жолдың бәрі қап-қара болып тұрады. Анау «Казферриттен» бастап мына ауылдың шетіне шыққанша жолдың бәрі қап-қара. Жабу керек, мынау істеп жатқан істерін тоқтату керек. Егер енді талабымызды орындамаса, инициативный группамыз бар, шығамыз да жолды жауып тастаймыз. 

Нұргүл Салқынбекова, Куряновск ауылының тұрғыны:

- Үйге сабақтан кейін ұлым келеді. Бетін жуады. Сол кезде кәдімгідей күйе болып тұрады. Бұндай бізде екі жылдан бері ғана пайда болып жатыр. Оның алдында ондай болмаған. Мынау «Казферрит» келгеннен бастап бізде өте қиындық масқара, балалар ылғи ауырады.

Тұрғындардың шағымынан соң экология департаменті кәсіпорынға жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар  ты  анықтап, айыппұл салды. 

Дархан Есжанов, экология департаментінің басшысы:

- Олар ауаны ластамау іс-шараларын атқару керек еді. Яғни шаңды басу іс-әрекеттерін атқару керек еді. Бірақ іс жүзінде ол атқарылмаған. Сондықтан да олар әкімшілік айыппұлға тартылды. Сонымен қатар 31 желтоқсанға дейін заңбұзушылықтарды жоюға нұсқама берілді.

Экологтар енді қаңтар айының басында тағы бір тексеріс жүргізбек. Егер оған дейін кемшіліктер жойылмаса кәсіпорынның жұмысын тоқтату туралы сотқа арызданғалы отыр. 

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев