Қызылордада 110 жанұя баспаналы болды

Жаңа жыл қарсаңында қызылордалық 110 отбасы баспаналы болды.

Апатты үйдің тұрғындары «Нұрлы-Жер» бағдарламасы бойынша салынған 60 пәтерлі жаңа үйге көшті. Одан бөлек көпбалалы және толық емес отбасыларға да жаңа пәтер кілті табыс етілді. Жалпы өңірде 33 мыңнан астам тұрғын баспана кезегінде тұр. Жыл басынан бері облыс орталығында 604 мың шаршы\метр пәтер пайдалануға берілді. Алдағы 3 жылда құрылыс жобаларын арттырып, аталған көлемді 2 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. 

Жадыра Кенжеева, қала тұрғыны:

- Пәтер кезегінде 10 жылдай болды тұрғаныма. Көп армандадық, күттік және де бүгін арманымыз орындалып, жаңа жыл мерекесі қарсаңында біз жарық әрі жайлы пәтердің кілтін алып жатырмыз.