Петропавлда жылу компаниясы міндеттемесін орындамады

Петропавл қаласында жылу компаниясы 5 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламасын атқармай, негізсіз пайда тапқан.

Монополистің есебін тексеру кезінде шамамен 1 млрд теңгеге жоспарланған түрлі жұмыстың орындалмағаны анықталды. Атап айтқандай, жылу электр орталығында жылу және турбо агрегаттар жөнделмеген. Сонымен қатар сорғы станциясының қондырғылары ауыстырылмаған. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін енді тариф өзгеріссіз қалатын болды.

Дамир Тоқтамысов, облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:

- Олардың жоспары бойынша жылу энергиясымен жабдықтау қызметіне 10 пайызға өсу жоспарланған. Ұзақ мерзімді тарифтер шеңберінде. Алайда, мынау инвестициялық бағдарламаны және де тарифтік сметадағы баптарды орындамағаны үшін департмент тиісті шараны қабылдап, сол бекітілген тарифті төмендетіп, қолданыстағы деңгейде қалдырды.