Жамбыл облысындағы Жуалы ауданында аймақтағы алғашқы мұз айдыны ашылды

Жамбыл облысындағы Жуалы ауданында аймақтағы алғашқы мұз айдыны ашылдыӨңірде жоқ демалыс орны ауыл паркінің аумағында орналасқан. Жергілікті билік енді шаңғы кортын ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа жыл қарсаңында мұз айдынының ашылуы Жуалылықтар үшін қуанышты жаңалық болды. Демалыс орыны Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы саябағында орналасқан. Биыл басталған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде мұнда футбол алаңы мен балалар ойын алаңы да салынды.

Саябақтың бұл аумағы бұрын бос жатқан жер еді. Қазір жастардың сүйікті демалыс орталығына айналған. Мұнда күнделікті 150 адамға дейін демалуға келеді. Ал, демалыс күндері тіпті қала тіршілігінен зеріккен тұрғындар, арнайы ат басын бұрады.

Мұз айдынының аумағы айтарлықтай үлкен. 1800 шаршы мерт. Бұл Жамбыл облысындағы әзірге ең үлкен әрі жалғыз сырғанау алаңы.

Гүлжан Мырзақұлова, Жуалы ауданының тұрғыны:

- Өзі боранды ауыл ғой.  Қысы да қаһарлы. Соған нағыз өзіне сай, ауа райына сай спорт несі болып жатыр. Керемет дүние болып жатыр. Балалар кешкі уақыт күндізі уақыт болсын уақыттарын бекерге жоғалтпайды.

Жамбыл Қазыхан, Жуалы ауданының тұрғыны:

- Өкпеге де жақсы, бір жағынан гимнастика болып саналады. Сол себепті пандемияның алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өте қолайлы жақсы нәрсе.

Саябақты абаттандыруға жергілікті бюджеттен 70 млн теңге бөлінген. Оның 20 миллионы мұз айдынының құрылысына жұмсалды. Ауыл әкімінің сөзінше, асты бетондалып, жан-жағы қоршалған аумақ, жаздыкүні де қараусыз қалмайды.

Қазыбек Бейсеқұлов, Ақсай ауылдық округінің әкімі:

- Жаздыкүні бұл жерде ролик тебеді. Ролик тебеді, картинг ойнайды мына жерде. Және де 6 гектар жерде орналасқан. Жоспарымыз арғы шеттен шаңғы тебетін алаң жасау. Кішкене үлкен кісілерге жаңағы шаңғы теуіп, осы жаққа келіп серуендеп уақыттарын өткізсе деген сондай бір жақсы жоспарымыз бар.

Саябақты абаттандыру жұмыстары келер жылы да жалғасады. Жаттығу алаңшасы мен шаңғы кортын салуға қаржы қарастырылған. Ал, жасалып жатқан бұл істерге ауыл жастарының алғысы шексіз.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә