Алматыда өмірі қиын жағдайдағы балалар орталығының тәрбиеленушілеріне мерекелік шырша өткізілді

Балалар асыға күтетін мерекенің бірі Жаңа жыл.

Қысқы каникул басталып, сыйлық алып шат шадыман көңілге бөленеді. Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыстық қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне өзінің мерекелік сыйлығын жіберді.

Мерекелік шырша алдындағы соңғы дайындық. Орталықтың балалары шетінен өнерлі. Концертке мұқият дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Араларында ән мен биден талай байқауларға қатысып топ жарып жүргендер бар. Аймақ әкімінің құттықтауын облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева жеткізді. Балаларға тәттілер, ойыншықтар мен үстел теннисі табысталды. 

Ақбота Рүстембек, оқушы:

- Мен би және домбырамен айналысамын. Мен көбінесе суреттен жарысқа қатысамын. Ол жарыстардан мен жүлделі орындар аламын. 2, 1-орын. 

Михаил Вилкин, оқушы:

- Сіздерді жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Әрбір үйде тыныштық, жақсылық болып жаңа жыл жақсы өтсін.

Бағанашылдағы орталық 1962 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір мұнда 80-нен астам тәрбиеленуші бар. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым аз. Неге десеңіз, патронаттық тәрбиемен отбасыларға орналастырылады әрі жағдайы түзелген ата-аналар өз перзентін қайтадан өз қолына алады екен.  

Салтанат Беспаева, Алматы облысы білім басқармасының басшысы:

- Ең бір қызықты мерекелердің бірі. Сол себепті мынау бірнеше күн болды облысымызда барлық деңгейде балаларды құттықтау шаралары, шырша мерекелері өтіп жатыр. Соның ішінде ең бір ерекше біздің облысымыздағы аяулы бүлдіршіндеріміз бар. Осы шәкірттерімізді, балаларымызды бүгін біз құттықтап келіп отырмыз Алматы облысы әкімінің атынан.   

Орталықтағы балалардың тағдыры әрқилы болғанымен, қазір  мемлекеттің қамқорлығында. Жеткіншектердің арманы асқақ. Бірі дәрігер, екіншісі инженер, тағы бірі дипломат болғысы келеді. Ендеше армандары орындалсын деп тілейміз.

Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев