Жетісу облысының Сарыөзек кентіне табиғи газ беріле бастады

Жетісу облысындағы Сарыөзек кентіне табиғи газ беріле бастады.

Көптен күткен көгілдір отынға қосылуға елдімекендегі 70 шақты адам өтініш берген. Солардың ішінен 14 балалы Сәдуақасовтар отбасына көгілдір отын ең бірінші болып әрі тегін тартылды. Әулетке әлеуметтік көмек ретінде сатып алынған пеші де ақысыз орнатылды. Сөйтіп, мемлекет тарапынан баспанамен қамтылып, шағын грантпен кәсібін бастаған жанұя от жағып күл шығару машақатынан құтылды. Өткен қыста олар он екі тонна көмір жаққан екен.  

Гүлнәз Шәкенова, алтын алқа иегері:

- Күлді шығарып тазалағанның өзі біраз әуреге түсетінбіз. Енді міне Құдай бұйыртып, газ қосылды, біраз жеңілдеп қалды. Біресе балаға біресе отқа, біресе тамаққа  көңіл бөлетінбіз. Кішкене болса да қолымызды ыстық суға салатын болдық деп қуанып отырмыз.

Кербұлақ ауданының орталығына газ құбыры екі жыл бұрын тартылған. Содан кейін жұмыс тоқтап қалған еді. Газдандыру ісін қайта жандандыруды мемлекет басшысы Талдықорғанға келгенде жергілікті атқарушы органға тапсырған болатын. Соған сәйкес қазір ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

Ернат Бәзіл, облыстық ТҮКШ басқармасының басшысы:

- 25 жоба қазіргі таңда жүріп жатыр. 28 жоба қаңтар айында мемлекеттік сараптамаға кіреді. Және 43 жоба одан бөлек. Бұлар Текелі қаласы, Талдықорған қаласы. Және бес ауданымыз бар. Кербұлақ, Қаратал, Көксу, Ескелді, Панфилов ауданы  2025 жылға дейін бес ауданымыз бер екі қаламыз жүз пайыз газбен қамтылады.