Семей халқын сарсаңға салған мәселе шешілетін болды

Биылғы жыл Семей өңірі үшін ақ түйенің қарыны жарылған өзгеше жыл болды.

Президент Жарлығымен 8 маусымда Абай облысы құрылды. Аз уақытта аймақтың аумағы бекітіліп, жаңа әкім сайланды. Өңірдің кешенді жоспары әзірленді.

Өткен жарты жылда өзге тағы қандай шаруа атқарылды? Алдағы жоспар қандай?

Тарихы тереңнен тамыр тартатын Семей шаһары 25 жылдан кейін қайта облыс мәртебесін алды. Шекарасын қайта шегендеп, 8 аудан мен екі қаламен өз алдына отау тікті. Әрине 5 ай көп уақыт емес. Дегенмен, жарты жылда аз жұмыс атқарылған жоқ. Мұны қала тұрғындары да атап өтті. 

БЛИЦ:

- Өзгерістер байқалады. Құрылыстар салынып жатыр. Жолды жасап жатыр.  Бұрынғыдай емес, жақсы. 

- Әрине, байқалады. Қала тап-таза. Көп өзгеріс бар.

- Болашақта айлығымызды көбейтсе. Азық-түлік бағасын төмендетсе. Мектептер, ауруханалар керек.

- Облыс құрылғалы бері қалада өзгеріс бар. Оны қала тұрғындары байқап жатыр деп ойлаймын. Семейіміз көркейіп келеді ақырындап. 

Қазір Семей өңірі жыл келгендей жаңалық сезініп, серпілу, даму үстінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Абай облысын дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Өңір жастарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Абай жастары» бағдарламасы қабылданды. Қалада жаңа көпірдің құрылысы басталды. 

Зейнолла Тоқаев, Семей қаласының құрметті азаматы:

- Келешектен үмітіміз зор. Өткен жолы мәслихат сессиясына қатыстым. Сонда байқағаным, бізге бөлінген қаржы көлемі үш-төрт есеге артық. Бұл межелеген жобалардың барлығы іске асады деген сөз.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облысымызды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын дайындадық. Оған барлық қаржы көздерінен қаржыландырылатын 2 триллион теңгеден астам жобалар енді.

Кешенді жоспар бекітілсе, Семей халқын сан жыл бойы сарсаңға салып келе жатқан жылу мәселесінің түйіні тарқайды. Қалада жаңа жылу орталығы бой көтереді. «Аягөз-Бақты-Тачен» бағытында теміржол желісі салынады. Бүгінде облыстағы білім ошақтарында 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Осы орайда 2025 жылға дейін Абай облысында 11 мектеп салу салу жоспарланып отыр.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов