ШҚО-да ұстаз балаларды өнерге баулып жүр

Шығыс Қазақстанда он саусағынан өнер тамған шебер білгенін балаларға үйретіп жүр.

Мектепте дәріс беріп, сурет пен қолөнерді дәріптейді. Алтай қаласында Бауыржан Дәрібаевтың шығармашылығын білмейтін адам жоқ. Жас ұстаздың қолынан шыққан бұйымдар талай байқауда үздік деп танылды. 

Бауыржан Дәрібаевтың қолы тиген зат әп-сәтте әдемі дүниеге айналып шыға келеді. Ең нәзік әрі қиын жұмыс ол материалға сурет салу дейді шебер. Мүлт кетсең болды, бәрін бүлдіресің. Ал бояу мен матаның үйлесімін тапсаң ел сүйсінер картинка шығады. Осы бір сиқырлы өнерді ол ертеден қара кешке дейін балаларға үйретеді. Ондағысы болашақ ұрпақ ұялы телефонға телмірмей, шығармашылыққа әуес болса деген ниет.

Бауыржан Дәрібаев, Алтай қаласы №7 мектеп мұғалімі:

- Демалады оқушылар бір жағынан телефоннан демалады.бізде сабақта компьютерлік графика бірге өтеміз, мынаның барлығын  материалдарды сительдерін көрсетем, соны жайлап орындап, бастай береміз.

Мына қазақ қызының матадағы бейнесі көпшіліктің көзайымына айналып үлгеріпті. Бұл жұмыс облыстық «Алтын қазына байқауында» бас жүлдені алды. Оқушылар болса, Бауыржан Дәрібаевтың алдына келсе болды, виртуалды әлемді ұмытады. Солардың бірі София Блинова. Ол ұстазынан батикпен жұмыс істеуді де,жұқа тақтайдан әдемі бұйымдар жасауды да үйреніп алған.

София Блинова, мектеп оқушысы:

- Мен басында материалға сурет салып үйрендім. Өте нәзік әрі қиын жұмыс екен. Бірақ керемет әсер аласың.Өйткені бәрін бақылап отыру керексің. Әрбір детальға мән беру керек.

Шәкірттерінің арасында ұстаздың өз ұлы да бар. Әлім болашақта қайтсе де шығармашылыққа бет бұрмақшы.

Әлім Дәрібаев,  Б.Дәрібаевтың ұлы:

- Мен әкемді мақтан тұтамын. Көп нәрсе үйреніп жүрмін әсіресе жұқа тақтайдан мүсіндер қиғанды жақсы көремін.Сурет салуды да меңгергем.

Тілші:Айтпақшы қолөнер иесі жұмыс іздеп жүрген кезде, осы Алтай қаласындағы №7 мектеп басшылығы оны аттай қалап, әдейі шақыртқан. Енді онысына еш өкінбейді.

Алмаш Нұрмұхамбетова, Алтай қаласы №7 мектеп директоры:

- Бұл ұстазды мен осыдан он жыл бұрын өзім осы шақыртып осында әкелген едім, балалар өте жақсы көреді. Бұл ұстаз тек табиғи материалдармен көп жұмыс жасайды, ағашпен, шимен, жүнмен, басқа да материалдармен жақсы жұмыс жасай алады.

Сонымен мектеп ұжымы қолы алтын ұстазға енді арнайы жабдықталған кабинет ашып беруді жоспарлап отыр. Өйткені Бауыржан Дәрібаевтың арманы жеке кәсіпкер болу емес, оқушыларымен бірге дамып, солардың жетістігін көру.