Абай облысының Бөкенші ауылында ішімдік сатылмайды

Ішімдік сатылмайтын, мылтық атылмайтын ауыл.

Абай облысындағы Бөкенші елді мекенін осылай сипаттауға болады. Жақында Ішкі істер министрі осы ауылдың әкіміне арнайы марапат тапсырып, құрмет көрсетті. Себебі, бұл елді мекенде кейінгі 5 жылда бірде бір ауыр қылмыс пен құқық бұзушылық тіркелмеген. 

Бөкенші ауылы Семейдің іргесінде орын тепкен. Жиенәлі ауылдық округіне қарасты 2 елді мекенде тоғыз жүзге жуық халық тұрады. «Ауылымыздың үлгілі атануы менің ғана емес, елді мекен тұрғындарының еңбегі» дейді ауыл әкімі Гүлжан Сыздыханова. 

Гүлжан Сыздыханова, Жиенәлі ауылдық округінің әкімі:

- Бұл ауылымыздың халқының білімге деген құштарлығына, еңбекқорлығына берілген баға деп ойлаймын. Үлгілі ауыл атандық. Елдімекен тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады. Жастарымыз спортқа бейім. Мектеп оқушылары облыс деңгейінен асып, республикалық жарыстарға қатысып жүр.

Бөкенші ауылындағы шағын мектепте 88 оқушы мен 25 мұғалім бар. Оқу ордасының білім алушылары үйірмелерге үйір, спортты жанына серік еткен.  

Серікжан Қарамұрзин, мектеп директоры:

- Тәртібі нашар, есепте тұрған оқушылар жоқ. 21 оқу озаты, 19 оқу екпіндісі бар. Мектебімізде тоғыз құмалақтан, қазақ күресінен, волейболдан, футболдан секциялар ұйымдастырылған.

Еркежан Салихова, ауыл тұрғыны:

- Мен бұл ауылда 5 жылдан бері тұрамын. Келін боп түскенмін. Ауыл тұрғындары өте ұйымшыл. Жастары еңбекқор. Әсіресе спортқа бейім. Қарттарды құрметтейді. Балалар да тәртіпті. Көрген жерде амандасып жатады үлкендермен. 

Осы салада 15 жылдық еңбек өтілі бар учаскелік инспектор Алмас Бейсенбеков Жиенәлі ауылдық округінде үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның пайымынша, елді мекеннің ерекше тәртібімен көзге түсуінің бір себебі тұрғындардың ауызбіршілігі мен еңбекқорлығында. Ал екінші себеп... 

Алмас Бейсенбеков, учаскелік инспектор:

- Бұл ауылда ішімдік сатылмайды. Дүкендерде рұқсат қағазы жоқ. Ауыл әкімімен бірге елді мекен тұрғындарына түсіндіру жұмысын жүргіздік. Соның нәтижесі шығар, ауылда ұрыс-керіс, дау-жанжал жоқтың қасы.

Бірлігі жарасқан Бөкенші ауылында халық саны да көбейіп келеді. Соңғы 5 жылда елді мекенге 12 отбасы қоныс аударыпты. 

Абай облысынан Азамат Қасым, Медет Өмірханов