Елде күн райының қолайсыздығынан пойыздар кешігіп жатыр

Елдің бірқатар өңірінде күн райының қолайсыздығынан пойыздар уақытынан кешігіп жатыр.

Дәлірек айтсақ, Астана-Алматы, Павлодар-Түркістан, Алматы- Орал бағытындағы жолаушылардың сапары кейін шегерілді. Астанадан Жезқазған мен Шымкентке, Алматыдан Петропавл мен Жезқазғанға жолға шыққандар да ауа райы қолайсыздығына тап болды. «Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір қозғалыс кестесін қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Егер пойыз 6 сағаттан артық кешіксе, жолаушыларға мейрамхана вагондарында тегін тамақ берілмек. Ақтүтек боран елордадағы әуе рейстеріне де кесірін тигізді. Қазір халықаралық әуежайға 26 ұшақтың қонуы, 19 ұшақтың жолға шығу уақыты шегерілді. Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше қазір 6 адам іздестіріліп жатыр. 79 автожол учаскесі жабық. Кейінгі тәулік ішінде 725 адамды құтқарылған. Оның 140-қа жуығы бала.