Өскемен халқы қардың астында көмілгендігіне шағымданып жатыр

«Қалың қардың астында қалдық». Өскемен тұрғындары осылай деп шағымдануда.

Амалы таусылған олар көліктерін қаңтарып, үйге дейінгі қарды өз күштерімен тазартып жатыр. Тұрғындар бұған әкімдік кінәлі дейді, ал әкімдік бар жауапкершілікті пәтер иелері кооперативіне сілтеп отыр. 

Жергілікті әкімдіктен қайран болмаған соң тұрғындар осылай бір-біріне көмек қолын созуда. «Басқа амалымыз да жоқ. Коммуналдық қызмет техникаларының мұнда кіріп-шығуының өзі қиямет-қайым» дейді тұрғындар. 

- Сами откапываем что-то ничего вообще не предпринимают здесь, надо хоть чуть-чуть дорогу расчистить. 

«Біз тек қала жолдарын ғана тазалап жатырмыз». Жергілікті коммуналдық кәсіпорын өкілдерінің айтқан уәжі осындай. Олардың сөзіне сенсек, аулаға пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігі жауапты.  

Асхат Тәженов, "Таза Өскемен" коммуналдық кәсіпорнының басшысы:

- Заңнамаға сәйкес, барлық аула аумақтарының тазалығына пәтер иелері кооперативі жауап беруі тиіс. Өйткені өзара жасалған келісім-шарттары бар.

Алайда пәтер иелері кооперативі өкілдері мұнымен келіспейді. Барлық архитектуралық құжаттарда аула аумағы жалпыға ортақ деп саналады. Демек, жергілікті билік жауапкершіліктен тыс қала алмайды. Қалалық қоғамдық кеңес жанындағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Владимир Грицай осылай дейді. 

Владимир Грицай, қалалық қоғамдық кеңесінің жанындағы түкш мәселелері жөніндегі комитет төрағасы:

- Аулаларды алалауға болмайды. Аула жалпыға ортақ, қалаға да қарайды. Тұрғындардың жеке мүлкі емес қой. Осыны неге түсінбейміз?

Шенеуніктер мен пәтер иелері кооперативі «кім кінәліні» анықтай алмай әлек, ал тұрғындар орай да борай соққан ақ ұлпамен алысып әлек. Орайы келгенде айта кетейік, өткен жылы қаланың тазалығына жарты миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Тұрғындар сол қаражаттың қар басқан аулаларға жетпей қалғанына қапалы.

Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин