Базар Кенжебековтің жүрегі оң жақта, нәсібі жол жақта

«Жүрек ауырмау үшін  адал еңбек ету керек-ті». Бұл – жүрегі кеудесінің оң жағында орналасқан Базар Кенжебековтың өмірлік ұстанымы. Ол Алматы облысындағы Шеңгелді ауылында тұрады. Ынтымағы жарасқан ауылда қарапайым еңбек етеді. Ерекше жанмен өңірдегі әріптесіміз Алмас Садуқас тілдесіп қайтты.  

Базар Кенжебеков зейнет жасында. Өмірлік бейнетті көп тартқанымен, бүгінгі жағдайына налымайды. Жүрегі туа бітті оң жағында орналасқан. Елден ерекше жаратылғанын  жеткіншек жасында медициналық тексеріске барған сәтінде білген. Өзі бұл жағдайды аса бір ерекшелік санамайды. Ел қатарлы қалыпты тірлік етеді. Таң сәріде ерте тұрып, үй шаруасын тындырып, арбасын жолға әзірледі.

Базар Кенжебеков, ауыл тұрғыны:

- Өзіммен бірге затымды, сырт киімімді алып келемін. Ана жерде кілттер бар. Баллон босап кетсе, кілтті кімнен табасың?

Ауыл тұрғындары Базар Кенжебековті сыйлайды. Әрдайым еңбекке адал адам екенін айтады. Ол ауылдың тазалық жұмысына атсалысады. «Жүрегім ешқашан мазалаған емес. Ол ауырмау үшін уайым-қайғыға салынбай, тек еңбек ету керек»,-дейді кейіпкер.

Базар Кенжебеков, ауыл тұрғыны:

- Өткенде рентгенге түстім. Рентген мына Қапшағайдан келіпті. Өкпені түсірді, таза екен деді. 20 жыл темекі тартқанмын. Тастадым темекіні. Әйтеуір отырып, тұрып, ары-бері жүгіріп, спортпен айналысып жүрмін.

Базар Кенжебеков дәрігерлік тексерістен өтуді де ұмытпайды. Қан қысымы  мен жүрек қағысы қалыпты. Жалпы жүректің кеуденің оң жақ тұсында орналасуын медицина ғылымында декстрокардия дейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ол 15 мың адам ішінде 1 ғана адамда болуы мүмкін.

Рауия Ағамбаева, дәрігер:

- Сирек кездесетін жағдай. Бірақ ауру деп саналмайды. Жүрегі қалыпты жұмыс істеп тұр. Ешқандай шағымы жоқ. Қан қысымы дұрыс. Бәрі жақсы.

Ауыл жұртының амандығын, ауласының тазалығын тілейтін Базар Кенжебеков  ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Немере көрді. «Жүректі  сақтау үшін алдымен мейірім керек дейді», - дейді ол.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.