Ақмола облысында кәсіби қабылдаушы отбасылар пайда болады

Қазірдің өзінде 10-ға жуық өтінім түскен. Бұл жанұялар ата-ана қарауынсыз қалған балғындарды бауырына басады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пилоттық жоба аясында бір отбасы 7 балаға дейін асырап алуға мүдделі. Бірінші кезекте қабылдаушы отбасының жағдайы мен тұратын тұрғын үйі тексеріледі. Себебі 1 балғынға 1,5 шаршы метрден орын бөлінуі тиіс. Сондай-ақ ата-аналар арнайы оқыту курстарынан да өтеді. Ал кәсіби қабылдаушы отбасы мен асырап алушы жанұяның өзіндік айырмашылығы да бар.

Мерует Жанботина, облыстық білім басқармасының бас маманы:

- Кәсіби қабылдаушы отбасы мен асырап алушылардың басты айырмашылығы ата-ана қарауынсыз қалған бала жетімдер үйіне жіберілмейді. Бірден осы отбасыға беріледі. Бұл өз кезегінде баланың психологиясына оң әсер етеді. Пилоттық жобаның мақсаты аймақтағы балалар үйін қысқартып, балғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету.