Елден тұмау кетпей тұр

Жұқпалы дерттің биылғы маусымында 31 мыңнан астам адам шалдыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның жартысынан көбі – 14 жасқа дейінгі балалар. СЭС мамандары биыл өңірде Б типті және шошқа тұмауының белең алып тұрғандығын жеткізді. Қазір облыстың медицина мекемелерінде 64 жан ем алып жатыр. Дені – кәмелет жасына толмағандар. Бұдан бөлек, жедел респираторлы вирустық инфекцияның ринавирус пен аденавирус түрлері де тіркелген. Мамандар жұқпалы аурудың күрт өсуін тұрғындардың бейқамдығымен байланыстырып отыр. Короновирус инфекциясынан қорғану үшін таққан маска мен зарарсыздандыру әдіс-амалдары тұмаудың да кеңінен таралуына кедергі болған. Қоғамдық орындардағы санитарлық талаптың азаюы жедел респираторлы вирустық инфекциясының да күрт өсуіне жағдай жасап отыр. Ал короновирус инфекциясының таралу қарқыны болса айтарлықтай бәсеңсіген.

Мұхтар Сербаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Біз инфекцияның төмендеуін байқап отырмыз. Мысалы, жаңа жылдың осы өткен уақытында барлығы 12 жағдай тіркеліп отыр. 2022 жылы барлығы 10260 жағдай тіркелген болатын. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы жасыл аймақта. Сондықтан ешқандай шектеу шаралары енгізілмейді.