Түркістан облысында 1193 абонент газға қайта қосылды

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында 13 елді мекенге қайта газ берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен аптадағы қатты боран салдарынан Жамбыл елді мекені маңында құбыр тесіліп, екі жерден табиғи газдың сыртқа шығып жатқаны анықталған болатын. Аудан әкімдігі мен Темірлан газ мекемесінің мамандары бірлесіп, сыртқа шығып жатқан газ құбырына жөндеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 3 күн бойы газсыз отырған Бөген, Жамбыл, Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты 13 елді мекендегі 1193 абонент көгілдір отынға қайта қосылды. Одан бөлек, қатты желден Бәйдібек пен Созақ аудандарында 15 электр бағанасы құлап, 3,5 мыңнан астам абонент жарықсыз қалған болатын. Құлаған электр бағаналары қалпына келтіріліп, үзілген электр тасымалдау желілері жөнделді.

Айта кетейік, өңірде қатты боран салдарынан ұялы байланыс операторларының станциялары да істен шыққан еді. Қазіргі таңда байланыс жақсарды.