Ақмола жерінде 8 мың адам қуғын көрген

Өткен ғасырда Ақмола облысында шамамен 8 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл деректер бүгін жарық көрген арнайы жинақта жазылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кітаптың ішінде бұрынғы бұйрықтар мен нұсқаулар, қаулылар мен шешімдер, шағымдар мен талаптар көрсетілген. Саяси құқығынан айырылған тұлғалардың тізімі жарияланған. Бұл жұмыстар –  екіжылдық еңбектің нәтижесі. Тарихи құжаттарға қол жеткізу үшін Қазақстанның барлық өңіріне және Ресейдің мемлекеттік мұрағатына бардық, - дейді авторлары. Олар кінәсіз жандардың есімі ақталғанын қалайды. Осыдан 2 жыл бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті қол қойып, мемлекеттік және өңірлік комиссиялар құрылған болатын.

Күлпәш Ілиясова, Астана қаласы бойынша өңірлік комиссияның мүшесі:

- Бұл жинаққа 248 құжат енген. 476 бет. Бұл құжаттарды жинастыруға Астана қаласы бойынша құрылған өңірлік комиссия құрамындағы 20 адам толық қатысты. Соның ішінде 5 жұмыс тобының жетекшілері басшылық жасап, жыл аяғында баспадан өткіздік. Болашақта зерттеушілерге, тарихшыларға бұл кітаптың берері мол деп есептеймін. Бұл негізінен екі тілде.