Әйелдердің зейнет жасын төмендету ұсынылды

Бала туған әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету қажет. Мәселен, әр баланы дүниеге әкелгені үшін зейнетке 2 жыл ерте шығуға мүмкіндік беру керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, 3 бала туған әйел зейнетке 6 жыл ерте шығады, бұл – 55 жастың шамасы. Депутат Аманжан Жамалов Үкіметке осындай ұсынысын жеткізді. Айтуынша, елде әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендетудің жолдарын қарастыру керек. Себебі қазіргі заңнама бойынша тек 5 және одан көп бала туған әйелдер ғана 53 жасында зейнетке шығады. Депутат, сондай-ақ, бала күтімімен үйде отыруға мәжбүр аналар уақытша жұмыссыз қалып, кәсіби қабілеттілігін төмендететініне назар аударды. Жарна аудармағандықтан, зейнетақы мөлшері төмендейді. Аманжан Жамалов алайда зейнеткерлік жасын 10 жылдан артық төмендетпеу керек, - деп атап өтті.