Ақтауда МӘМС қоры филиалының басшысы қамауға алынды

Ақтауда міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры филиалының басшысы ұсталды. Руслан Бектубаевқа 17 млн теңгеден аса бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылды. Бұл туралы облыстық прокуратураның өкілі мәлімдеді.

Осы дерекке қатысты медициналық қызмет көрсетуші компания директоры да күдікке ілінді. Тергеу мәліметінше, жеке кәсіпкер тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсету бойынша қормен келісімшарт жасаған. Кейін Денсаулық сақтау министрлігінің базасына 600-ге жуық адамның дәрігерге қаралып, ем алғаны жайлы жалған ақпарат енгізілген. Руслан Бектубаев қазір тергеу изоляторында отыр. Ал сыбайласына ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.  

Данияр Төлегенов, облыстық прокуратураның тергеу басқармасының бастығы:

- Бектубаевқа қатысты және «Гранд Мед» мекемесінің директоры Жумалиеваға қатысты қылмыстық Кодекстің 189-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Олардың әрекетінен мемлекетке 17 млн 500 мыңға жуық теңге залал келтірілді. Осы факті бойынша тергеу органымен аталған тұлғаларға қатысты айып тағылды.