Ұлағатты ұстаз Отызбай Сүйіндіковті колледж ұжымы еске алды

Білім беру саласының Құрметті қызметкері, Астана қаласының құрметті азаматы және Қоғам қайраткері Отызбай Сүйіндіковтің туғанына биыл 95 жыл.

Осыдан бір жыл бұрын дүниеден өткен ұлағатты ұстазды өзі 30 жылға жуық басқарған шаһардағы Халықаралық университетінің педагогикалық колледжінің ұжымы еске алды. Ұстаздық жолды 14 жасынан бастаған арда азамат, білім беру саласында жетістіктерге жетіп, «Еңбек қызыл ту» ордені мен «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанған. Бүгінде аталмыш оқу ордасында Отызбай Сүйіндіков атындағы музей жұмыс істеп тұр. Онда ұстаздың жеке заттары, наградалары және суреттері орналастырылған. Айта кету керек, еске алу шарасын қалалық Ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.

Светлана Сүйіндікова, О.Сүйіндіковтің жары:

- Шыны керек, үйде бір шеге қақпайтын адам осы училищенің есігінен кіреберісте ана плинтусқа дейін бәрін тексеріп шығатын. Осыдан түсіне бер, ол кісінің қаншалықты жұмысқа берілгені туралы. Ал үйдегі шаруаны маған қалдырды.

Сансызбай Есілов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Біздің мақсатымыз – балаларға өмірбаянын жеткізу. Өйткені атам заманнан қазақ мұғалімін сыйлаған. Білімділігі, қамқорлығы ерекше керемет адам еді. Ауызша тілмен айтқанда, нағыз бір қазақи интеллегент еді. Ол кісінің өмір бойы қатты сөйлегенін естіген жоқпын. Кішкентай балалармен «сіз» деп сөйлесетін.