Шардара су қоймасы толмайды

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мамандары мәлімдеді.

Бұған дейін су қоймасының мерзімінен бұрын толып кетуінен алаңдап, дабыл қаққан болатын. Өйткені былтыр желтоқсан айында су қоймасына келетін ағын болжамнан 520 текше метр артық болды. Су көлемінің ұлғаюы Өзбекстан елі көршілес Қырғызстанға электр энергиясын уақытылы жеткізбегеннен туындаған. Ал өздерін энергиямен қамту мақсатында «айырқалпақты» ағайын желтоқсан айында Тоқтағұл су қоймасынан көп мөлшерде ағын жіберген. Мамандардың айтуынша, қазір Шардара су қоймасы жобалық көлемнен 80%-ке толған. Қауіптің алдын алу мақсатында министрлік іс-шаралар жоспарын әзірледі. Бұдан бөлек, мамандар Сырдария өзенінің қауіпті аумақтарын зерттеп жатыр.

Ербол Салихбаев, «Қазсушар» РМК бас директорының орынбасары:

- Егер су келуі көбейетін болса, біз алдағы уақытта күн жылығанда шаруаларға суды беріп тастаймыз. Бұл қосымша Шардара су қоймасының деңгейін түсіруге ықпал етеді және де Қызылорда облысы Жаңақорған ауылдары мен аудандарындағы көпжылдық дақылдарға, жоңышқаға су бере бастаймыз. ТЖМ мамандарымен бірге комиссия құрылып, қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Солардың ұсыныстарынан кейін қорытындысы белгілі болады.