Ақтауда болған жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Кеше Ақтауда болған жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Оқыс оқиға кешкі уақытта 29А шағын ауданындағы техникалық қызмет көрсету станциясында тіркелді. Ғимарат өртеніп, ішінде тұрған 6 газ баллоны атылған. Сол жерде жұмыс істейтін бір әйел апат орнында мерт болды. Тағы 3 адамды күйік шалды. Қазіргі уақытта олар облыстық көпбейінді ауруханада жатыр. Қираған нысаннан құтқарушылар 17 газ баллонын сыртқа шығарып үлгірді. Жалын шамамен жарты сағатта өшірілді. Техникалық қызмет орталығының 50 шаршы метр аумағы жанып кетті. Өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.

Жандос Кенжебаев, Ақтау қалалық ТЖБ басшысы:

- Өрттің салдарынан айналасында тұрған ғимараттарға ешқандай да зақым келген жоқ. Бұл техникалық қызмет көрсету станция жекеменшікте болғандықтан, ол жерде газ баллондардың неліктен тұрғаны қазір бізге белгісіз. Қазіргі өрт жағдайы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында анықталатын болады.