Қарағандыда құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Қаңтар қарлы болып тұр. Еліміздің бірнеше өңірінде басталған ақтүтек боран әлі сейілер емес.

Жол қатынасы қиындап, төтенше жағдай қызметі қар құрсауында қалғандарды құтқарып әлек. Ол аздай, аязды күндері өрт көбейіп, құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Бірақ еңбек пен ерлік ескерусіз қалмайды. Қиын жағдайда көмекке жеткен құтқарушыларға қалың жұрт әлеуметтік желі арқылы алғыстарын жаудыруда.

Апта басында Қарағандыдағы көпқабатты үйлердің бірінде қалың өрт шығып, екі кеште жұрт азан-қазан болды. Өкінішке қарай, қызыл жалын үш адамның өмірін жалмады. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, 16 қабатты үйде тұратын 130 тұрғынды эвакуациялаған. Өз бетінше жүре алмайтын қарияларды қою түтіннің арасынан арқалап алып шықты. 

Қаңтар бойы еліміздің барлық аймағында қолайсыз ауа-райы сақталып тұр. Қалың қар жол қатынасын қиындатып, елді әбігерге салды. Ақтүтек боранда адасып, далада қалған жолаушыларды құтқару үшін төтенше жағдай қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Соның арқасында айналдырған оншақты күн ішінде 2,5 мың адамды аман алып қалыпты. Оның 300-і балалар. Қиын жағдайда көмекке жеткен құтқарушыларға жұрт жаппай алғыс жолдап жатыр.

Өткен жылы төтенше жағдай қызметіне 80 мың шақырту түсіп, 12 мың адам құтқарылған. 4,5 мың адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Соның арқасында қайғылы жағдай 26 процентке азайған.