Шымкентте Ұлттық ұлан сарбаздары ант берді

Шымкентте Ұлттық ұлан қатары жас сарбаздармен толықты.

Еліміздің әр аймағынан әскер қатарына шақырылған төрт жүзден астам жас бүгін салтанатты түрде ант қабылдады.  Олар шаһар көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Жас сарбаздар бұған дейін арнайы оқу-жаттығудан өтті.

18 жасар Әлихан Кенжалин әскер қатарына Тараз қаласынан шықыртылған. Ол 45 күннің ішінде шығармашылық қабілетімен ерекшеленіп, «Мобилография» мамандығын шебер меңгергенін көрсетіп үлгерді. Жас сарбазға Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлімінің әлеуметтік парақшасы сеніп тапсырылған. Желіге патриоттық бағыттағы видео роликтері жарияланып тұрады.

Әлихан Кенжалин, Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлімінің сарбазы: 

- Взвод командирлерім және де осы әскери бөлімнің пресс службалары маған арнайы көмектерін көрсетіп жатыр. Сол арқылы біз көптеген видеоларды жарыққа шығарып, патриоттық рухты жастарға көрсету, жасөспірімдердің патриоттық сезімін ояту барысында кішігірім видео роликтер жасап жатырмыз. 

Әскери бөлімнің алаңында 422 сарбаз сап түзеді. Бұған дейін Ұлттық ұланның оқу орталығында сабақ алған жауынгерлер қаз-қатар тізіліп, Отан алдындағы борышын адал өтеуге Ант берді. 

Сапқа тұрғын сарбаздардың қатында бейбіт күннің батыры атанған Алматылық Данияр Сатыбалды да бар. Ол небәрі 11 жасында өртенген үй ішінен үш бірдей бауырын аман алып шыққан.

Данияр Сатыбалды, Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлімінің сарбазы:

- Бұл оқиғаны бірінші оқу ротасының бәрі біледі. Қазақстанның көптеген азаматы білді десем де болады. Қандай адам болса да көмек көрсетіп қалуға тиісті. Ер азамат болғасын. Әр ер азамат әскерге барғаны дұрыс деп ойлаймын. Өзінің отан алдындағы борышын өтеп, өз елінің қауіпсіздігі мен тәртібін қамтамасыз етіп, отанын қорғауға міндетті деп ойлаймын. 

Мерзімді әскери міндетін өтеуге шақырылған сарбаздар бір жыл бойы қоғамдық тыныштықты күзетеді. Оқыс жағдайда жауынгерлік тізімге алынып, тәртіп сақшыларына көмектеседі. 

Бауыржан Қабылбек, Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлімінің командирі: 

- Бұл жерде әскери маман ғана болып қола бермейді солдат. Өзінің әрі қарай ашылуына, таланттарын көрсетуге көмектесе аламыз. Тәрбие жөніндегі орынбасарым бар, арнайы жұмыстар бар. Белсенділігін арттыруға біз жан-жақты жағдай жасауымыз қолдан келеді.

Әскери Ант қабылдаған сарбаздарға ата-анасымен бір күн уақыт өткізуге мүмкіндік берілді. Содан кейін ғана күнделікті қызметіне кіресіп, жауынгерлік даярлықты шыңдайды. Былтыр Шымкенттен әскер қатарына 1 мың 600 адам шақыртылды. Сала мамандары Отан алдындағы борышын өтеуге жастардың қызығушылығы жылдан жылға артып келе жатқанын айтады.  

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов