Әдебиет және өнер қайраткерлеріне мемлекеттік стипендиялар табысталды

Мәдениет саласындағы қолдау жөніндегі өкімге былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын.

Стипендия иегерлерін мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құттықтап, марапаттарды табыстады.

Өткен жыл ел тарихындағы ең қиын, бірақ маңызды жылдардың бірі болды. Саяси өзгерістерден өзге, руханият саласында да ауқымды істер атқарылды. Бұл жайында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияларды салтанатты табыстау рәсімінде айтты.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Әдебиет және өнер қайраткерлерін ынталандыру, қолдау мақсатында «Dala dauysy», «Umai», «Айбоз» секілді әдеби-мәдени сыйлықтар ұйымдастырылып, жыл аяғында өз иелеріне табысталды. Ахаңның 150 жылдығы аясында Парижде ЮНЕСКО-ның ғимаратында үлкен халықаралық конференция өтті. Жылда қазақ әдебиетінің руханияты үшін маңызды даталарға ие жыл болады.

Қолдауға ие болғандардың қатарында «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс те бар. Жас ақын осы уақытқа дейін өзінің 10-нан аса кітабын шығарып үлгерген екен.

Ерлан Жүніс, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

- Жалпы әдебиет, мәдениет саласы - бұл ұлттың алтын өзегі, алтын арқауы деп санаймыз. Және осы салаға мемлекеттің қолдау көрсетуі, қамқорлық жасауы бұл өнердің өркендеуіне, өнердің өсуіне үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.

Сондай-ақ, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Алматы қаласында да зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, стипендияларды өз иелеріне табыстады. Айта кету керек, биыл мемлекеттік стипендияға 75 адам ие болды. Олардың қатарында Дулат Исабеков, Олжас Сүлейменов, Асанәлі Әшімов, Ілия Жақанов сынды майталмандар, Самал Есләмова, Фархат Молдағали, Әйгерім Бекетаева, Айдос Есмағамбетов секілді бірқатар жас дарындар да бар.

Дәурен Берікқажыұлы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

- Қолына қалам ұстаған, жалпы өнер, мәдениет саласындағы адамдардың дені мемлекетшіл тұлғалар деп есептеймін, ресми атақтары болмағанымен. Шынын айтқанда біздің одамыздан гөрі сыни өлеңіміз өте көп. Соның бәріне түсіністікпен қарап, осы мемлекетке жаны ашитын азамат деп қарағандары шығар, беріп жатқандарына өте қуаныштымыз.

2022 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияға үміткерлердің ұсыныстары былтыр тамыз айына дейін қабылданған. Ал биыл стипендия көлемі 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.