Азаматтық авиация саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізіледі

Бұдан былай әуекомпаниялар жолаушыларды рейс уақытының өзгеруі туралы алдын ала хабардар етуге міндетті. Азаматтық авиация саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізіледі.

Яғни жолаушыны межелі жерге уақтылы жеткізбесе, тасымалдаушы компаниялар кешіктірілген әр сағат үшін тариф құнының 3% мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін. Жыл санап жолаушылар ағыны көбейгенімен, рейстердің кешігуі жиілеп кеткен.

Әділет Қойлыбаевтың Астанадан Таразға бет алған рейсі 12 сағатқа кешіккен. Күндізгі сағат 3-те ұшуы керек болғанымен, әуе компаниясы еш себепсіз рейсті кейінге ауыстыра салған. Тіпті нақты қашан ұшатынын білмей, әуежайда жіпсіз байланғанын айтады. 

Әділет Қойлыбаев, Тараз қаласының тұрғыны:

- Ұшатын ұшағым күндізгі 15:00-де болатын. Содан кешкі 22:30-ға ауыстырылды. 5 минут алдында хабарлама келіп түсті. Мен мұнда 11:30-да келгенмін, міне, әлі отырмын. Бүгін ұшпайды, ертеңге қалып отыр. Себебін сұрағанымда айпады.

Бұл жыл басынан бері кешіккен бірінші ұшақ рейсі емес. Уақыты сан өзгеріп, жолаушыларды әбігерге салған әуе компанияларына назын айтқан жұрт көп. Жолынан қалып, ашынған жолаушылар ақыры 10 сағатқа кешігіп ұшты. Ал, «SCAT» болса, кешігуінің себебін дер кезінде түсіндірмей, кейін ауа-райының қолайсыздығына сілтей салды.

Виктория Старожилова, «Scat» әуе компаниясының бөлім басшысы:

- Ауа райының күрт өзгеруінен рейстердің кешігуі жиілеп кетті. Алайда бірде-бір әуе тасымалдаушысы қолданыстағы кестені бір минутқа да ауыстырғысы келмейді. Әуе кемелері тізбек бойынша ұшу кестесіне байланған. Авиа компания ұшақтары тәулігіне орта есеппен 100 рейсті орындайды.

Тұрғындар билет құнының көтерілгеніне қарамастан, еліміздегі әуе компаниялардың қызметіне жиі жүгінеді. Тіпті ұшақ билеттерінің құны Қазақстан бойынша орта есеппен 17%-ке қымбаттағанымен, сұраныс еш кемімеген. Мысалы, өткен жылы әуе кемесімен 11 млн адам қатынаған. Айта кетерлігі, Батыс Қазақстан облысында ұшақ билетінің құны бірден 67% өскен. Ал сөйте тұра, жолаушы билетті кері тапсыратын болса, оған толық құнының тек жартысы ғана қайтарылады.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізде әуе қатынасының жағдайы мәз емес дер едім. Себебі ешқандай ескертусіз рейстерді тоқтату немесе кешіктіру жиілеп кетті. Ал жолаушылар билеттерін тапсырып, өз ақшасын қайтара алмай жүретін кездер көп. Мысалы, FlyArystan-нан қаражатты қайтара алмайды. Олар ваучер алыңыз, содан кейін бізбен қайтадан ұшыңыз деп әуре-сарсаңға салады. Бұл бізде әуе компаниялар арасында бәсекелестіктің жоқтығынан туындап отыр деп ойлаймын. Әуе нарығына мүлде басқа компаниялар келуі керек.

Тасымалдаушы кінәсінен рейс екі сағаттан артық тоқтатылып немесе кешіктірілген жағдайда, әуе компаниялар жас балалы аналарды ана мен бала бөлмесіне жайғастыруы қажет. Сондай-ақ, екі рет халықаралық қоңырау шалуға мү кіндік жасап, сусындармен қамтамасыз етуге міндетті. Егер ұшақ төрт сағат немесе одан да көп уақытқа кешіксе, онда бұл тізімге ыстық тамақ қосылады. Ал, бестен сегіз сағатқа дейін күттірсе - билеттің толық құнын қайтарумен қатар, қонақүйде уақытша тұру және көлікпен жүруін қамтамасыз етуі тиіс.

Нұржан Малаев, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ департамент директоры:

- Жолаушылар рейсінің кешігуі авиакомпанияның кінәсінен болған жағдайда өтемақы алуға құқылы. Өткен мереке күндері бірқатар рейс кешіктірілді. Онда ауа-райының қолайсыздығынан болды. Мұндай жағдайда  өтемақы төленбейді.

Қолданыстағы заңнамада келтірілген ережелердің тағы біріне тоқталсақ. Жолаушыларға тиісті қызмет көрсетпеген тасымалдаушы компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Руслан Әлиев